АЛМАТЫ, 10 тамыз – Sputnik. Қарағандыда полиция өтпежолдан секірмек болған ер адамды құтқарып қалды, деп хабарлады Polisia.kz.
Оқиға 9 тамызда болған. Сағат 14.30 шамасында Бұқар Жырау даңғылындағы өтпежолдан ер адамның секіргелі тұрғаны туралы хабар түскен.
Ер адамды құтқарып қалғандардың бірі Рауан Оразбеков оқиғаның қалай болғанын айтты.
"Біз оқиға орнына үш минуттан кейін жеттік. Өтпежолдың шетінде тұрған адамды көрдік. Ер адам жарты адым жасаса, қайғылы жағдай болатын еді. Төменде теміржол, жоғары кернеулі байланыс сымдары бар. Мен қоршаудан өтіп, оның жанына барып, сөйлесуге тырыстым. Ол отбасыдағы кикілжіңге байланысты өзіне қол салғысы келетінін айтты. Атымды айтып, қолымды созып, оның жалғыз емес екенін жеткіздім. Ол да қолын берді, сол сәтті пайдаланып, серіктесім екеуміз шығарып алдық", - деді Оразбеков.
Құтқарылған азамат Қарағанды қаласының орталық полиция бөліміне жеткізілді.