НҰР-СҰЛТАН, 10 тамыз – Sputnik. Павлодар облысындағы Розовка ауылында ер адам әйеліне спирт шашып, өрттеп жіберді. Әйел денесінің 50 процентін күйік шалды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан облыстық полиция депаратментіне сілтеме жасап.
Полицейлер оқиғаның мән-жайын анықтады. 8 тамызда түнде ерлі-зайыпты тойдан келген. Ал сағат 02:00-дің шамасында екеуінің арасында жанжал шыққан. Мас ер адам көлікпен бір жаққа шықпақшы болған. Әйелі оған рұқсат бермей, жолын бөгепті. Жанжал осыдан туындаған, арты жантүршігерлік оқиғаға ұласқан.
"Жанжал кезінде күйеуі тоңазытқыштан спиртті алып, әйеліне шашады. Сосын оттықты жаққан", - дейді полицейлер.
Әйел өртке оранып, айқайлай бастағанда ер адам есін жинаған. Отты бірден сөндіруге, жанып жатқан киімін шешуге тырысқан. Артынан жедел жәрдем шақырған.
I дәрежелі күйік алған әйел Павлодар қаласының ауруханасына жатқызылды. Sputnik Қазақстан тілшісіне сұхбат берген денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Эльмира Темірғалиева әйел денесінің 50 процентін күйік шалғанын айтты. 34 жастағы жәбірленушінің жағдайы ауыр, қан құю үшін сәйкес топ іздестіріліп жатыр.
Оқи отырыңыз: "Масқара, өлтіріп тастады!": Павлодар облысында түсірілген видеоның мән-жайы
Ааталған оқиға бойынша Қылмыстық кодекстің 107-бабы (Денсаулыққа қасақана, ауырлығы орташа зиян келтiру) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Оған сәйкес, 1 000 айылық есептік көрсеткішке (2 917 000 теңге) дейінгі мөлшерде айыппұл салу немесе сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, 600 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тарту, екі жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге болмаса сол мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Айта кетері, ерлі-зайыптының үш баласы бар.