Өңірлер

Қарағанды облысында той өткізген лауазымды шенеунік жұмыстан қуылды

Басқарма басшысы Қалел Мақсұтов карантинді өрескел бұзғаны үшін  қызметінен босатылды
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 9 тамыз – Sputnik. Қарғанды облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Қалел Мақсұтов карантин шараларын өрескел бұзғаны үшін қызметінен босатылды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан облыс әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

"Жер қатынастары басқармасының басшысы Мақсұтов Қалел Мұқатайұлы карантинді өрескел бұзғаны үшін, яғни, пандемия кезінде той өткізуіне байланысты қызметінен босатылды", - деді облыс басшысы Жеңіс Қасымбек онлайн режимде өткен аппарат кеңесінде.

Осы орайда әкім ондай заңсыздықтар үшін қатаң жаза қолданылатынын ескертті. Ал шенеуніктер мәртебесіне қарамастан, жауапқа тартылады.  

"Мұндай заңсыздықтар үшін қатаң жаза қолданылатынын тағы да ескертемін. Бұл жерде мемлекеттік қызметшінің қызметтік этикасының барлық нормасы бұзылып отыр. Тұрғындардың көңілін қалдырмаңыздар. Мәртебелеріңізге немесе жұмыс орнына қарамастан әрекеттеріңізге жауап бересіздер!", - деп атап өтті Қасымбек.

Қасымбек мониторингтік топтың мүшелеріне ескерту жасап, карантин шаралары барлығына бірдей екенін еске салды.

"Сіздер біреудің мүддесі үшін емес, азаматтардың денсаулығын қорғау үшін құрылғансыздар! Осындай іс-шараларды тоқтатып, жария етіңіздер. Бәрін бақылау камералары арқылы бақылап, жұмыс істейміз деп айтқан жоқсыздар ма? Сондықтан мұқият қараңыздар. Тыйым барлығына бірдей", - деді өңір басшысы.

Тойға 400 адам келген

Өткен сенбі, 7 тамыз күні "109" нөміріне "Ариста" мейрамханасында той өтіп жатқаны туралы хабарлама түскен. Оқиға орнына Қарағанды қаласының полиция, санэпидбақылау және әкімдік қызметкерлерінен тұратын мобильді топ барды. Мейрамхана сыртында көлік көп, ал іште 400-ге жуық адам болған, аумақты қоршау үшін полицияның қосымша наряды шақырылды.

Карантин режимін бұзу фактісі бойынша СЭҚ қызметкерлері акт ресімдеді. Мекеме иесіне және іс-шараны ұйымдастырушыларға айыппұл салынады.

Айта кетері, Қарағанды облысы "қою қызыл" аймақта тұр. Өңірде күн сайын Covid-19 жұқтырған мыңға жуық науқас тіркеледі. Облыстың бас санитар дәрігерінің қаулысымен шектеу шаралары күшейтілді.