Қоғам

Бас прокурор Тоқаевқа қоғамдық резонанс тудырған істер жайлы айтып берді

Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамдық өмірдің барлық саласында заң үстемдігін қамтамасыз етудің маңыздылығын атап өтіп, Нұрдәулетовке бірқатар тапсырма берді
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 9 тамыз – Sputnik. ьМемлекет басшысы Бас прокурор Ғизат Нұрдәулетовті қабылдады. Президент бас прокурордың еліміздегі заң нормаларының сақталуы жөніндегі есебін тыңдады, деп хабарлайды Ақорда.

"Елдегі қылмыстық ахуал, соның ішінде, алаяқтық, балаларға қатысты зорлық-зомбылық, заңсыз есірткі айналымы және басқа да қауіпті құқықбұзушылықтарға қарсы күресті үйлестіру шаралары сөз болды", - делінген ақпаратта.

Нұрдәулетов қылмыстық іс жүргізудің үш буынды моделіне өтудің алғашқы кезеңінің іске асырылу барысына тоқталды. Сондай-ақ, 2022 жылдан енгізіле бастайтын екінші кезеңге дайындық жөнінде есеп берді.

Сондай-ақ бас прокурор ел ішінде резонанс тудырған қылмыстық істерді тергеу нәтижелері және қоғамдық мүдделерді қорғау жөніндегі жұмыс қорытындысы туралы айтып берді. Бас прокурордың мәліметіне сәйкес, жыл басынан бері 5 мыңға жуық азаматтың, 92 мың кәсіпкердің құқығы қорғалып, бюджетке 17 миллиард теңге қайтарылған. 11 мыңнан астам тұлға түрлі жауапкершілікке тартылған.

Сондай-ақ қылмыстық-құқық саласындағы халықаралық ынтымақтастық мәселелері талқыланды. Бас прокурор өзге елдермен жасалатын келісімдер мен алда болатын көпжақты іс-шараларға қатысу жоспарын бөлісті.

Мемлекет басшысы қоғамдық өмірдің барлық саласында заң үстемдігін қамтамасыз етудің маңыздылығын атап өтіп, Нұрдәулетовке бірқатар тапсырма берді.