Өңірлер

Қарағандыда 500 адамға той жасаған шенеуніктің басы бәлеге қалды

Әлеуметтік желінің арқасында Қарағандыдағы мейрамханада ұлан-асыр той өтіп жатқаны белгілі болды. Әкімдік бұл ақпаратты растады
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 8 тамыз – Sputnik. Қарағандыда жоғары шенді шенеунік мейрамханалардың бірінде 500 адамға той жасаған. Ақпарат әлеуметтік желілерде тарады.

Өңірлік БАҚ Қарағанды облысы жер қатынастары басқармасының басшысы Қалел Мақсұтов "қыз ұзату" өткізгенін хабарлады.

Қарағанды облысы әкімдігі бұл фактіні растады, шенеунік жазаланатынын атап өтті.

"Мемлекеттік қызметкерге қатысты арнайы тексеріс тағайындалады, карантиндік шектеулерді бұзу фактісі расталған жағдайда қызметінен босатуға дейін, ең қатаң шаралар қабылданады", - деді өңір әкімінің баспасөз хатшысы Марина Шаповалова.

Ол салтанатты шара санитарлық нормалардың бұзылуына байланысты тоқтатылғанын, ұйымдастырушыларға әкімшілік айыппұл салынатынын айтты.

"Барлық азаматқа індеттің өршуіне байланысты санитарлық талаптарды сақтау қажет екенін ескертеміз. Жауапты мемлекеттік органдар мәртебесіне немесе жұмыс орнына қарамастан, заңбұзушылықтардың жолын кесу үшін қатаң шаралар қабылдайды", - деді баспасөз хатшысы.

Бұған дейін әлеуметтік желілерде Қарағанды әкімдігі қызметкерлерінің бірі қызына ұлан-асыр той жасағаны хабарланды. Салтанатты шара "Ариста" мейрамханасында ұйымдастырылған. Мекеме иелеріне қатысты әкімшілік шара қолданылады.