Әлем

Ақаев қырғызстандықтардан кешірім сұраған видео жарияланды

Қырғызстанның экс-президенті "Кумтөр" жобасына қатысты іс бойынша тергеумен байланыс үзбейтінін мәлімдеді
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 8 тамыз — Sputnik. Қырғызстанның экс-президенті Асқар Ақаев видео жариялады. Ол "Кумтөр" жобасын жүзеге асыруда жіберген қателігі үшін кешірім сұрады.

Отанына оралған сәттен бастап тергеушілер күн сайын Ақаевтан жауап алды, деп жазады Sputnik Қырғызстан.

Оның айтуынша, Қырғызстан "Кумтөр" жобасынан әлдеқайда көп экономикалық табыс түседі деп болжаған. 

"Өкінішке қарай, олай болмады. "Кумтөр" бойынша басты келісімге қол қойылған күннен бастап канадалық тарап мүддесіне басымдық берілді. Біздің ұлттық мүддеміз ескерілмеді", - деді Ақаев.

1992 жылдың желтоқсан айында канадалық Camecо корпорациясымен  "Кумтөр" бойынша алғашқы бас келісімге қол қойылған болатын.

Қырғызстан шетелдік тарапты салықтан босатты. Олар табиғи ресурсты пайдаланғаны үшін де салық төлеген жоқ.

"Бұл тек үкіметтің ғана емес, сол кездегі мемлекет басшы ретіндегі менің де қателігім. Мен үкіметке толықтай сендім. Құрметті қырғызстандықтар, қателігім үшін кешірім сұраймын. Бұл жоба бойынша халықтың үмітін ақтамадым", - деді Ақаев.