НҰР-СҰЛТАН, 7 тамыз – Sputnik. Павлодар облысында жантүршігерлік жол апатынан 25 жастағы дәрігер қаза болды, деп хабарлайды Pavlodarnews.kz.
Трагедия 6 тамыз 23:45-те Черноярка ауылы маңында, Омбы – Майқапшағай тас жолында болды.
"32 жастағы Nissan Patrol жүргізушісі УАЗ-бен соқтығысты. Салдарынан УАЗ көлігінде отырған 25 жастағы жолаушы оқиға орнында мерт болды", – деді Павлодар облысы полиция департаменті басшысының бірінші орынбасары Жасқайрат Қайыров.
Сот-медициналық сараптама тағайындалды, көліктер айыппұл тұрағына қойылды.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, көз жұмған адам Чернорецк дәрігерлік амбулаториясының дәрігері болған. Ол науқасты ауылдан Ақсу қалалық ауруханасына жеткізіп, қайтар жолда апатқа түсті.
Марқұмның артында әйелі мен кішкентай ұлы қалды.