Саясат

"Қазіргі жағдай ерекше алаңдатып отыр": Тоқаев Түрікменстанға не үшін барды

Ауғанстандағы қазіргі жағдай ерекше алаңдатып отыр. Коронавирус індеті жағдайды одан сайын ушықтыруда, деді Тоқаев
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 6 тамыз – Sputnik. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Түрікменстанда өткен Орталық Азия елдері басшыларының консультативтік кездесуіне қатысты, деп хахабарлады Ақорда.

Президенттің айтуынша, әлем елдері күрделі кезеңді бастан өткеріп жатыр. Ауғанстандағы қазіргі жағдай ерекше алаңдатып отыр. Коронавирус індеті жағдайды одан сайын ушықтыруда. Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа кезеңде Орталық Азияда тұрақты дамуды қамтамасыз ету үшін аймақ елдері бірлесіп әрекет етуі тиіс деп санайды.

Орталық Азиядағы сауда-саттық

Тоқаевтың мәліметінше, Қазақстанның Орталық Азия мемлекеттерімен тауар айналымы соңғы бес жылдың ішінде бір жарым есе артып, 4,6 миллиард долларды құрады.  

"Елдеріміз арасындағы тауар айналымын арттыру, оның құрылымын жақсарту және жеткізілетін тауар түрлерін кеңейту бойынша жұмысты жандандыру қажет. Қазақстан Орталық Азия елдеріне экспорттық тасымалды 1 миллиард АҚШ долларына дейін ұлғайта алады. Мұндай қор аймақтың басқа да елдерінде бар екеніне сенімдімін", - деді мемлекет басшысы.

Ол Орталық Азияның көлік дәліздеріне интеграцияланған тауар өткізудің бірыңғай желісін құруда күш жұмылдыруды ұсынды.

"Бұл көтерме-бөлу және агрологистикалық орталықтардан тұратын жаңа инфрақұрылым тауарларымызды Еуразия экономикалық одақтың, ТМД және үшінші мемлекеттердің нарығына шығаруға мүмкіндік береді. Маусымаралық кезеңде өз нарығымызды да ауыл шаруашылығы өнімдерімен қамтамасыз етуге жағдай жасайды", – деп мәлімдеді президент.

Көлік дәлізі

Тоқаевтың пікірінше, аймақ мемлекеттері Азия мен Еуропаны байланыстырушы көпір рөлін атқарып отыр. Бұл ретте, Қазақстан Транскаспий халықаралық көлік дәлізінің транзиттік әлеуетін біртіндеп дамытуда. Одан бөлек, "Қытай – Еуропа – Қытай" трансқұрлықтық бағдарының қазақстандық бөлігінің әлеуеті нығайып келеді.

"2025 жылға дейін екінші жолдардың құрылысы аяқталып, "Достық – Мойынты" теміржол учаскесі толықтай электрмен жабдықталады. Нәтижесінде аталған бағыттың өткізу мүмкіндігі бес есе ұлғаяды. Жобаға 2 миллиард АҚШ долларынан астам қаржы салынады", - деді президент.

Сондай-ақ "Қазақстан – Түрікменстан – Иран" теміржолы да үлкен мүмкіндіктер береді.

"Елдеріміз үшін Парсы шығанағы мемлекеттеріне шығудың қысқа жолы осы. Жыл сайын аймақтағы жүк тасымалы артып келе жатқандықтан Трансазиялық теміржол магистралінің оңтүстік дәлізін дамыту қажеттігі туындап отыр. Мысалы, "Дарбаза – Мақтаарал" теміржол желісін іске қосу жүк тасымалы мерзімін 1,5 есе қысқартады", - деп әңгімесін жалғады Тоқаев.

Ол Оңтүстік Азия нарықтарына жол ашатын "Мазари – Шариф – Кабул – Пешавар" теміржолы құрылысы жобасының келешегі бар деп есептейді. Қазақстан және Түрікменстан айлақтары қуатының әлеуеті зор, деп атап өтті мемлекет басшысы.

Соңғы үш жылдың ішінде Транскаспий бағыты арқылы өтетін контейнерлердің легі 13 есеге артты. Қазақстан Ақтау айлағының базасында әлемнің озық операторларын тарта отырып, "контейнерлік хабты" ашуды жоспарлап отыр (Cosco, Maersk, CMA CGM және т.б.). Еліміз аймақ ішінде көлік коммуникацияларын дамыту мақсатында өзара тиімді ынтымақтастық жасасуға әзір.

"Бұдан бұрын "Бейнеу – Ақжігіт "автожолының құрылысы аяқталған болатын. Аталған бағыт арқылы өзбек серіктестерімізге Құрық және Ақтау айлақтарына шығатын қысқа жол ашылды. "Түрікменбашы – Гарабоғаз – Қазақстанның шекарасы" автомагистралінің әлеуеті зор. Осы бағдар Түрікменстанмен арадағы жолаушы және жүк тасымалын арттыруға мүмкіндік береді. Жалпы, Дүниежүзілік банктің бағалауынша, Орталық Азиядағы көлік коммуникацияларын дамыту барлық елдердің ішкі жалпы өнімін 15 пайызға арттыруға жағдай жасайды. Бұл – ауқымды қор. Осы ретте, күш-жігерімізді біріктіре отырып, аймақтың көлік байланысын арттырып, дәліз жағдайын жақсартуымыз қажет", – деді Қазақстан президенті.

"Су біріктіретін ресурс болуы керек"

Мемлекет басшысы су ресурстарымен қамтамасыз ету мен аймақтың био және экожүйесін сақтауды Орталық Азиядағы негізгі мәселенің бірі ретінде атап өтті.

"Біз қазірдің өзінде климаттың жаһандық жылынуы салдарын судың азаюы мен құрғақшылық арқылы көріп отырмыз. Бұл, әсіресе, Сырдария бассейнінде ерекше сезіліп отыр. Кейінгі екі жылдағы вегетациялық кезеңде Шардара су қоймасына жиналатын су көлемі 40 пайызға, Кіші Арал теңізіне келетін су мөлшері 60 пайызға азайып кетті", - деді Тоқаев.

Трансшекаралық өзендер ресурстарын тиімді басқару мен алдыңғы қатардағы технологиялық шешімдерді енгізу үшін бірлескен су саясатын енгізу маңызды. Елдер тараптардың мүддесін ескеріп, өзара міндеттерді толықтай орындайтын, тең дәрежеде қолдану принципі негізінде әрекет етуге тиіс.

"Су – Орталық Азия елдерінің арасын ашудың басы емес, керісінше, біріктіретін ресурс болуы керек", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.  

Баяндамада коронавирус пандемиясының сынағы кезінде халықтарымыздың бірлігі мен бір-біріне деген көмегі туралы айтылды.

"Қазақстан достық пен ынтымақтастық аясында бауырлас мемлекеттер мен халықтарға барынша көмек көрсетті және жәрдемдесе де береді. Ғылыми-зерттеу саласында жинақталған тәжірибемізбен бөлісуге де әзірміз", - деді мемлекет басшысы.

Ол Түрікменстан президентінің вирусология және эпиемиология орталығын құру туралы ұсынысын қолдады.

"Шын мәнінде осы салада ғылыми ынтымақтастықты күшейту маңызды. Жақында қазақ вакцинасы Қырғызстанға жіберілді. Ресейлік "Спутник-V" вакцинасын өндіру де жолға қойылды", – деді мемлекет басшысы.

Бәсекелестік ұлттық мүддеге қайшы келеді

Тоқаев терроризм, діни экстремизм, есірткі тасымалы, трансұлттық қылмыс сияқты сынақтардың сақталып отырғанына тоқталды.

"Бірлігімізді бекемдеп, бір-бірімізбен болмашы бәсекелестікке жол бермеуіміз қажет. Бұл мәселеде ХХІ ғ. Орталық Азияны дамыту мақсатындағы достық, тату көрші, ынтымақтастық жөніндегі Келісімге тез арада қол қоюдың маңызы артып келеді. Тараптардың жуық арада осынау тарихи келісімге қол қоюға дайын болуын құптаймыз. Халықаралық аса маңызды мәселелерде барынша ортақ ұстаным білдірсек, әлемдік қауымдастыққа келісім тапқан ортақ тәсілімізді көрсетер едік. Халықаралық алаңдардағы бәсекелестік ұлттық мүдделерімізге қайшы келеді, – деп атап өтті Қазақстан басшысы.  

Алдағы уақытта бауырлас халықтарды жақындата түсуде мәдени-гуманитарлық өзара іс-қимылдар маңызды рөл атқарады. Мемлекет басшысы туыстық байланысты сақтап, күшейту және мәдени-гуманитарлық күн тәртібін жаңа мазмұнмен толықтыру жөніндегі пікірін айтты. Сондай-ақ Қазақстан білім саласындағы өзара іс-қимылды кеңейтуді қолдайды.  

"Көңіл бөлуді қажет ететін тағы бір сала – елдеріміздің жастары арасындағы байланысты дамыту. Тереңде жатқан тарихи қарым-қатынасымызды сақтап қалуда жастарымыз маңызды рөл атқарады. Студенттер алмасуды кеңейтуді, олардың жақсы білім алуға ұмтылысын жан-жақты қолдауды, Орталық Азия азаматтарының Қазақстандағы алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындарында білім алуына квота көбейтуді маңызды деп есептейміз", – деді Тоқаев.

Оның айтуынша, басты мақсат – Орталық Азияны тұрақты, экономикалық жағынан дамыған, өркендеген өңірге айналдыру.

Президент достық, тату көршілік әрі өзара сенім негізінде барша қиындықты еңсеріп, алға қойған игі мақсатқа қол жеткізуге мүмкіндік беретініне сенім білдірді.