НҰР-СҰЛТАН, 6 тамыз – Sputnik. Павлодар облысының Ақсу қаласында жаппай төбелес болды. Жақын тұрған үйдің тұрғындары осы оқиғаны видеоға түсіріп алды.
Instagram желісінде жарияланған видеода ер адамдардың төбелесіп жатқаны анық көрінеді. Біреуін жерге жығып тастаған, тағы екеуі бастан теуіп жатыр. Төбелестің соңында ақ жейде киген ер адам ағаштың түбінде жатқан жолдасын көтереді. Осы кезде видео авторының "Масқара, өлтіріп тастады!" деген сөзі анық естіледі.
Павлодар облыстық полиция департаменті жаппай төбелестің мән-жайын анықтады. Ресми мәліметке сәйкес, бұл оқиға 4 тамыз күні Ақсу қаласында Хиуаз Доспанова көшесінің бойында болған. Тұрмыстық жанжал жаппай төбелеске ұласқан.
"Төбелеске қатысқандардың барлығы ұсталды. Қару қолданылған жоқ. Бірде-бір адам жарақат алмады. Медициналық көмекке де ешкім жүгінген жоқ. Төбелескендер бір-біріне арыз-шағым түсірмеді", - дейді полицейлер.
Дегенмен Қылмыстық кодекстің 293-бабының 2-бөлігі ("Бұзақылық, адамдар тобы, алдын ала сөз байласу арқылы жасалған әрекет") бойынша сотқа дейінгі тергеу шаралары басталды.
Айта кетері, осы бап бойынша 5 000 АЕК (14,5 миллион теңге) дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не 1 200 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тарту қарастырылған. Бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығы шектеліп, сол мерзiмге бас бостандығынан айырылуы да мүмкін.