Оқиға

Өрт сөндірушілер Арыстағы өртті оқшаулады

Өрттен қаза болғандар мен зардап шеккендер жоқ, деп хабарлады Sputnik Қазақстанға төтенше жағдайлар министрлігінің ресми өкілі Талғат Уәли  
Sputnik

НҰР -СҰЛТАН, 6 тамыз – Sputnik. Арыста қаласында сары фосфор тиелген вагоннан шыққан өрт оқшауланды, деп хабарлады Қазақстанның төтенше жағдайлар министрлігі.

Sputnik Қазақстанға төтенше жағдайлар министрлігінің ресми өкілі Талғат Уәли өрттен көз жұмғандар мен зардап шеккендер жоқ екенін жеткізді.

Құтқарушылардың мәліметінше, жүк вагоны 6 тамыз күні сағат 16:25-те Арыс теміржол стансасында өртенген. Вагонда сары фосфор болған.

"ҚТЖ" АҚ күштері вагонды пойыздан ағытып, жою тұйығындағы 30-шы жолға қойды. Оқиға басқа пойыздардың қозғалысына әсер еткен жоқ. Төтенше жағдай орнында өрт сөндіру штабы ұйымдастырылды", - деді Уәли.

Өртті сөндіруге төтенше жағдай қызметкерлері, ҚТЖ қызметкерлері, сондай-ақ әскерилер жұмылдырылды. Сағат 19:22-де өрт оқшауланды.

Бұған дейін Түркістан облысы әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов аудан мен облыстың барлық төтенше жағдайлар күштері жұмылдырылғанын хабарлаған болатын, өрттің бұл түрін сөндіру тактикасы белгілі.

"Дегенмен сары фосфор өте ұзақ жанады және қатты түтіндейді, жақын маңдағы шағын аудан тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында аудан әкімдігі көшіру жұмыстарын жүргізіп жатыр", - деді ол.

Эвакуацияланған тұрғындардың барлығы ыстық тамақпен қамтамасыз етіледі, олар қала мектептерінің бірінде түнейді, деп толықтырды облыс әкімінің орынбасары. Жағдай бақылауға алынды.

Түркістан облысының төтенше жағдайлар департаменті төтенше жағдайға байланысты қауырт желі ашты: 8-725-33-5-83-02.