Қоғам

Осылай жалғаса берсе, бір күнде бір ауданды жоғалтамыз – инфекционист дәрігер

Мамандар халықтың 80 пайызы вакцина салдырмағанша карантинді жеңілдетпеу керек деп санайды
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 5 тамыз – Sputnik. Дәрігерлер вакцина індеттен 100% қорғамаса да, ауыр халге түсуден сақтайды дейді. Мамандардың айтуынша, қауіпті дерттің құрығына ілінгендер – екпе алмағандар, деп хабарлады "Астана" телеарнасы.  

Жамбыл облысы әкімінің орынбасары қайтыс болды
"Бүгінгі статистиканы қарасаңыз, Қазақстанда коронавирус инфекциясы белгілері бар пневмония мен коронавирустан 149 адам қайтыс болды. Барлық науқас вакцина алмаған. Бұл дегеніміз тұтас 5 қабатты үйдің тұрғындары қайтыс болды деген сөз. Егер күнде қайтыс болғандар саны осылай өсе берсе, бір күнде бір ауылды, ауданды жоғалтамыз. Ол біреудің ата-анасы, біреудің баласы", - дейді инфекционист дәрігер Сәуле Атығаева.

Ал америкалық денсаулық сақтау қауымдастығының мүшесі Алмаз Шарман вакцинаның бала сүюге теріс әсері жоқ екенін мәлімдеді.

"Бүгінгі таңда әлемде 4 миллиард түрлі доза вакцина салынған. Вакцинаның құр өзі СOVID-19-ды тудырмайтыны анық. Вакцина репродуктивті жүйенің қызметін бұзбайды. Сондай-ақ жаңа туған сәбиде түрлі ауру тудырмайды", - дейді Алмаз Шарман.

Сондықтан мамандар халықтың 80 пайызы вакциналанбайынша карантинді жеңілдетпеу керек деп санайды. Ұжымдық иммунитет қалыптаспаса, үнемі жаңа толқындармен, жаңа індеттермен күресуге тура келетінін айтады.