Өңірлер

Талдықорған әкімінің орынбасары қызметкерлерінің кінәсінен жұмыстан қуылды

Шенеунік мониторингтік топқа жетекшілік еткен, жуырда топ мүшелері тойхана иелерінен жүйелі түрде пара алып келгені үшін ұсталған болатын
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 5 тамыз – Sputnik. Талдықорған әкімінің орынбасары Сәуле Арзанбекова қарамағындағы қызметкерлерінің жүйелі түрде пара алып келгені әшкере болған соң, қызметінен босатылды, деп хабарлайды Алматы облысының сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі.

Сәуле Арзанбекова мониторингтік топқа жетекшілік еткен. Жуырда топ мүшелері бизнеске қамқорлық жасап, жүйелі түрде пара алды деген күдікпен ұсталған еді. Күдіктілердің арасында қалалық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы мен бас маманы бар. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет оларға қатысты Қылмыстық кодекстің 366-бабы 3-тармағы 2-тармақшасы (Пара алу) бойынша қылмыстық іс қозғады.

"Қылмыстық істі тергеу аясында қалалық әкімдікте әкімнің қатысуымен жиын өтті. Оның қорытындысы бойынша Талдықорған әкімінің орынбасары С.Арзанбекова аталған бағытта тиісті бақылау жасамағаны үшін және алдын алу шарасы мақсатында жұмыстан босатылды",- деп мәлімдеді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің баспасөз қызметі.

Талдықорған әкімдігінің баспасөз қызметі басшылардың бірі жұмыстан кеткенін растады.

"Арзанбекова шынымен мемлекеттік қызметтен босатылды. Ол өз еркімен әкім орынбасары қызметінен кету туралы өтініш жазды. Оған өзі жетекшілік еткен мониторингтік топ мүшелерінің ұсталуы негіз болды", - деп нақтылады Талдықорған әкімінің баспасөз хатшысы Нұр Қанатұлы.

Еске салсақ, 30 шілдеде Талдықорғанда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет мониторингтік топтың мүшелерін ұстады. Олардың арасында кәсіпкерік бөлімінің басшысы мен бас маманы бар.

Тағы оқыңыз: Талдықорған әкімдігінің лауазымды тұлғалары пандемия кезінде қылмыс жасаған

Шенеуніктер пандемия кезінде бұқаралық шараларды өткізуге тыйым салынғанына қарамастан, кейбір нысандардың карантинді бұзуына жол берген. Атап айтқанда, бөлім басшысы қарамағындағы бас маманмен алдын ала келісіп, қала рестораторлары мен жаппай сауда өкілдерінен оларға қатысты әкімшілік шара қабылдамау үшін жүйелі негізде 20 мыңнан 270 мың теңгеге дейін пара алып тұрған. Сондай-ақ пара берген мейрамханалардың 5 әкімшісі де қылмыстық жауапқа тартылады.

Күдіктілер ірі мөлшерде айыппұл салынуы не мүлкі тәркіленіп, жеті жылдан он екі жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.