Өңірлер

Он жыл күткен: Шымкентте үшем дүниеге келді

Жыл басынан бері мегаполисте осымен бесінші үшем дүние есігін ашты
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 5 тамыз – Sputnik. Шымкент перзентханасында қала тұрғыны Жанна Мелдешова үшем – екі қыз бен бір ұлды дүниеге әкелді.

Нәрестелер 28 шілде күні, жүктіліктің 34-ші аптасында туды. Балалардың есімін Айым, Аяла және Рахат деп қойды. Қазір ана мен сәбилердің жағдайы жақсы, деп жазады Отырар басылымы.

Жүкті әйелдің толғағы уақытынан ерте басталған. Дәрігерлер ана мен балалардың өмірін құтқару үшін оны кесарь тілігімен босандырып алды.

Он жыл күткен: Шымкентте үшем дүниеге келді

Айта кетері, Жанна Мелдешова 2010 жылдан бері, тұңғышын дүниеге әкелгеннен кейін денсаулығына байланысты бала көтере алмай жүрген. Бірақ араға он жыл салып, әйелдің арманы орындалды.

Үшемге перинаталды орталықтың неонатологтары қарады. Бір апта ішінде нәрестелердің денсаулығы жақсарып, олар анасымен бірге перзентханадан шықты.

Шымкентте жыл басынан бері 19 797 сәби туды. Оның 135-і – егіз, ал төртеуі — үшем.