Қоғам

"СК-Фармация" ісі: сот Берік Шәріпті сыбайлас жемқорлық фактісі бойынша ақтады

Ол қаруды заңсыз сақтағаны үшін ғана кінәлі деп танылып, қамаудан босатылды. Берік Шәріп 11 ай бойы уақытша ұстау абақтысында отырды
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 4 тамыз – Sputnik. Нұр-Сұлтандағы Есіл қалалық сотында "СК-Фармация" компаниясының бұрынғы басшысы Берік Шәріпке қатысты үкім шықты. Ол қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланғаны және қаруды заңсыз сақтағаны үшін айыпталды.

"Берік Шәріп Қазақстан Қылмыстық кодексінің 361-бабы 4-бөлімінің 3-тармағында қарастырылған қылмыстық құқық бұзушылықты жасау бойынша кінәсіз деп танылсын және оның іс-әрекетінде қылмыстық құқық бұзушылықтың болмауына байланысты ақталсын", - деді судья Дүйсембиев.

Екінші айыптау бойынша Шәріп кінәлі деп танылды, оған "Жарақат салатын патрондармен ату мүмкіндігі бар ұңғысыз оқ ату қаруын, газды қаруды, қысқа ұңғылы тегiс ұңғылы атыс қаруын, сол сияқты оның патрондарын заңсыз иемдену, беру, өткізу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру" бабы бойынша 1000 АЕК немесе 2 797 000 теңге көлемінде айыппұл салынды.

Шәріптің соңғы сөзі

Күні кеше Берік Шәріп сотта соңғы сөзін айтқан. "СК-Фармацияның" бұрынғы басшысы өзіне тағылған айыпты мойындаған жоқ. Ал пандемияның басында медицина қызметкерлерінің жаппай инфекция жұқтырмауы мүмкін емес екенін мәлімдеді. Себебі олар коронавируспен күрес кезінде науқастармен тікелей жұмыс істеп, үнемі алдыңғы шепте жүреді. Әлем бойынша вирус жұқтырған медицина қызметкерлері аз емес.

Бұдан бөлек, Шәріп қорғаныс костюмдері не себепті "Inkar" ЖШС-нен сатып алынғанын да түсіндірді. Оның айтуынша, компания ұсынған костюмдер барлық талапқа сай болған. Оған қоса, ең төмен бағаны ұсыныпты.

"Ал "Синофарм" және "Мехико" қорғаныс құралдарының қажетті көлемін ұсынған жоқ. 300 мың және 500 мың дана деді. Бізге екі миллион дана қажет болған. Ол екі компания бірде-бір куәлік көрсеткен жоқ. Бағасы да екі есе жоғары болды", – деді Шәріп.

Денсаулық сақтау министрлігіндегі жанжал

"СК-Фармация" ЖШС-ның бұрынғы басқарма төрағасы Берік Шәріп 2020 жылдың тамызында ұсталды. Ол пандемия уақытында медициналық бұйымдарды сатып алу кезінде лауазымдық өкілеттігін теріс пайдаланды деген күдікке ілінді.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет дәрігерлердің вирус жұқтыруын күдіктінің заңсыз әрекетінің салдары деп атады.

Бұдан бөлек, Шәріп қару-жарақты заңсыз сақтаған. 2006 жылы ол Шымкенттің "Арсенал" дүкенінен тапанша сатып алған. Бірақ уақытында тапсырмапты.

Прокурор оны Қылмыстық кодекстің екі бабы бойынша кінәлі деп танып, бес жылға бас бостандығынан айыруды сұраған болатын. Бұдан бөлек, "Ерен еңбегі үшін" наградасын қайтарып алуды ұсынды.