Қоғам

Ақтөбе облысында сармат дәуірінің қорымы табылды

Мұғалжар ауданы аумағындағы Жағабұлақ қорымын зерттеу жұмыстары әлі жалғасып жатыр
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 4 тамыз – Sputnik. Ақтөбе облысының аумағынан сармат дәуірінің қорымы табылды. Онда тастан жасалған құрбан шалынатын орын мен алтынмен қапталған семсер сақталған.

Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин тарих ғылымдарының докторы, Шығыс елдері сәулеті халықаралық академиясының корреспондент-мүшесі Серік Әжіғалимен, тарих ғылымдарының кандидаты, Ә.Х.Марғұлан атындағы археология институтының бас директоры міндетін атқарушы Талғат Мамыровпен кездесті, деп хабарлайды өңір әкімінің баспасөз қызметі.

Ғалымдар облыс әкіміне Мұғалжар ауданы аумағында Жағабұлақ қорымынан бір ай бұрын табылған бірегей олжа – тастан жасалған құрбан шалынатын орын мен алтынмен қапталған көрнекті семсерді көрсетті.

Ақтөбе облысында сармат дәуірінің қорымы табылды

Қорымның өзі ерте темір дәуіріне, яғни б.д.д. VI-V ғасырларға жататын ірі кешен екенін айта кеткен жөн. Сондай-ақ мұнда қола айналар, алтын тоға және тағы басқа ежелгі заттар табылды. Археологиялық ескерткішті зерттеу жұмыстары әлі де жалғасуда.

Сонымен бірге, Қарғалы ауданында қола дәуірінің қоныс-мекендері табылды. Сол аумақтан метал пеш табылған. Бұл қазіргі Ақтөбе облысының аумағын қола дәуірінде мекендеген тайпалардың метал өндірісімен айналысқанын дәлелдейді.

Ақтөбе облысында сармат дәуірінің қорымы табылды

Бұдан бөлек, жуырда өңірде Едіге батыр мен Исатай Тайманұлының жерленген орнын іздеу жұмыстары басталады. Құрамына архитекторлар, этнографтар, археологтар мен арабистер кірген этнографиялық экспедицияны атақты ғалым, профессор Серік Әжіғали басқарды.

Облыс әкімі Оңдасын Оразалин жүргізіліп жатқан ғылыми-зерттеу жұмыстарының маңыздылығын атап өтіп, жергілікті атқарушы органдар өңірдің тарихи-мәдени мұрасын зерттеуге, сақтауға және дәріптеуге жан-жақты қолдау көрсетуді жалғастыратынын айтты.