АЛМАТЫ, 3 тамыз – Sputnik. Әлеуметтік желіде кибербуллинг тақырыбы жиі талқыланып жүр. Бұл – заманауи қарым-қатынас құралын пайдаланып қорқыту немесе қудалау. Ол әлеуметтік желі, мессенджер, қоңырау шалу арқылы жүзеге асады. Юнисефтің хабарлауынша, адамды қорқытып-үркітуге, масқаралауға, қудалауға бағытталған қайталанып отыратын әрекет бірнеше жолмен көрінеді. Олар:
- Әлеуметтік желіде жалған ақпарат тарату немесе біреудің ерсі фотосын жариялау;
- Адамның ар-ожданын қорлайтын хабарлама немесе қорқыту мәніндегі хат жіберу;
- Өзін басқа біреу ретінде таныстырып әдепсіз хат жолдау.
Алайда мұны тоқтатудың бір жолы – заңға сүйену. Нақты дәлелді көрсету арқылы кибербуллингтің жолын кесуге болады. Sputnik Қазақстан тілшісі осы тақырып төңірегінде психолог пен заңгердің пікірін біліп, Қазақстанда "Әлеуметтік желі кодексін" қабылдауды ұсынған мәжіліс депутаты Ерлан Сайыровпен сөйлесті.
Кибербуллинг: нені білу керек
Психолог Балабек Сақтағанның айтуынша, буллинг – балаларға мектепте не болмаса қоғамдық, шынайы өмірде адамдардың физикалық, психологиялық тұрғыдан, сөз және әрекет арқылы қысым көрсетуі. Кибербуллинг – әртүрлі әлеуметтік желілер арқылы адамдардың басқаларға агрессиялық түрде психикалық және моралдық қысым жасауы.
"Буллинг пен кибербуллингтің айырмашылығы – буллинг белгілі бір уақыт аралығында өтеді. Мысалы мектепте буллинг жасалса, сабақ аяқталған соң ол тоқтайды. Ал кибербуллингке қатысты алдын ала шара қолданбаса, оның ішінде өкілетті ұйымдарға хабарласпаса үнемі әлеуметтік желі арқылы қудалап отырады, қысым көрсетеді", - дейді психолог.
Кибербуллинг әрекетіне баратындарды бірнеше санатқа бөлуге болады:
- "кек қайтарушы" – тұлға өзі кибербуллингтің құрбаны болған және бұның салдары бейсаналы түрде тұлғаны сондай әрекетке баруға итермелейді;
- "билікке құмарлық" – ортасында барлығына өзінің шексіз билігін жүргізуге ұмтылыс. Кейде мұндай қадамдарға отбасында ата-анасының ажырасуы немесе толық емес отбасында өмірге көңілі толмай өскен тұлғалар жиі баруы мүмкін;
- "жағымсыз бейне" – басқаны кемсіту, қорқыту және мазаққа айналдыру арқылы өзінің көңілін көтеруші;
- "кездейсоқ қудалаушы" – көпшіліктің теріс пікірі арқылы басқаларды қудалау.
"Интернеттегі қорқыту мен қорлау – бұл адамның психикалық денсаулығына қатты әсер ететін ауыр психикалық күйзеліс. Қорқытудың салдары депрессия, сенімсіздік, мазасыздық, өзін-өзі бағалаудың төмендігі, әсер ету, тамақтанудың бұзылуы, тәуелділік, импульсивтілік, өзіне деген сенімділіктің жоғалуы мен дәрменсіздік сезіміне әкеледі", - дейді психолог.
Тіпті кибербуллинг салдары өте ауыр болуы мүмкін, сондықтан қудалауды мүмкіндігінше ертерек тоқтату, құқық бұзушылардың әрекетін басу өте маңызды.
Желідегі қудалауға қатысты қандай заң бар
Заңгер-практик Алмас Жұмағалидің сөзінше, желіде қудалаудың да бірнеше түрі бар, соған сәйкес әрқайсына қылмыстық, әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексте арнайы баптар қарастырылған.
Заңгердің сөзінше, алдымен екі адамның арасындағы әңгімені әлеуметтік желіге рұқсатсыз жариялаудың мақсатын білу керек. Егер қандай да бір мақсатпен жарияласа, ол бір қылмыстық не әкімшілік құқық бұзушылықтың құралы не тәсілі болуы ықтимал. Мысалы ақша талап ету мақсатында екеуара әңгімені жариялап жіберсе, Қылмыстық кодекстің 194-бабы ("Қорқытып алу") бойынша сараланады. Ешқандай мақсат болмаса да әлеуметтік желіге жеке әңгімені жариялау Қылмыстық кодекстің 148-бабы ("Хат жазысу, телефонмен сөйлесу, пошта, телеграф хабарлары немесе өзге де хабарлар құпиясын заңсыз бұзу") бойынша қаралады.
"Бізде адамдар осы ережені дұрыс сақтамайды. Whatsapp арқылы сөйлесіп, скриншот жасап, әлеуметтік желіге салады. Қарама-қарсы жақтың оған рұқсат беру-бермеуіне қарамайды. Егер екінші тарап рұқсат бермесе, бұл – қылмыс. Ал желіде жарияланған скриншот, аудио, видео материалдың ішінде өзара сөйлесу ғана емес, сонымен қатар жеке өмірге қатысты құпиялар болса, ол Қылмыстық кодекстің 147-бабындағы ("Жеке өмiрге қолсұғылмаушылықты және Қазақстан Республикасының дербес деректер және оларды қорғау туралы заңнамасын бұзу") қылмысқа жатады", - дейді заңгер.
"Үшінші тұлға екі адамның әңгімесін әлеуметтік желіге жариялап жіберсе, ол адамды Қылмыстық кодекстің 148-бабына сәйкес жауапқа тартуға толық негіз бар. Яғни ол хат жазысу, телефонмен сөйлесу, пошта, телеграф хабарлары немесе өзге де хабар құпиясын заңсыз бұзып отыр", - дейді Алмас Жұмағали.
Ал осындай әрекеттер адамның өзіне қол салуына алып барса, бәрі бірден қылмыс саналмайды. Алайда бұл әрекет ҚК 105-бабы ("Өзiн-өзi өлтiруге дейiн жеткiзу") бойынша қаралады. Бұл бап бойынша қаралу үшін қылмыс заңда көрсетілген үш тәсілдің біреуі негізінде жасалған болуы керек. Олар:
- Қорқыту;
- Жәбірленушіге қатыгездікпен қарау;
- Жәбірленушінің адами қадір-қасиетін үнемі қорлау.
Егер осы бапта көрсетілген үш тәсілге дәлме-дәл сәйкес келмесе, ол да қылмыс саналмайды.
Дейтұрғанмен Қазақстанның қылмыстық кодексінің 105-бабы 2-бөлігінің 4-тармағына өзгеріс енгізілген. Соған сәйкес, телекоммуникация желілерін, оның ішінде интернет желісін пайдалану арқылы жасалған өзiн-өзi өлтiруге дейiн жеткiзу қарастырылған. Бұл бап бойынша бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
"Кейінгі кезде талқылынып жатқан мәселеде адами қадір-қасиетін үнемі қорлау әрекеті көрінеді. Бұл жерде адами қасиет бірнеше рет (екі немесе одан да көп) қорланды ма деген сауалға жауап іздеген жөн. Үнемі жасалған әрекет нақты сол адамға бағытталған болуы қажет. Бұл жерде ұқсастығы бойынша қылмыстық заңды қолдануға болмайды, тек заңда жазылған қылмыс түрімен дәлме-дәл келуге тиіс", - дейді заңгер.
Дәлел жинау керек
Адам басқа біреудің тарапынан қысымға ұшырағанын айғақтайтын дәлел жинауы керек. Оған скриншот, видео, аудио материалдар, жарияланым сілтемесі жарайды. Егер әлеуметтік желі арқылы қудалауға барған адам жазбасын өшіріп тастаса да, құзырлы орган сілтеме арқылы қажетті ақпаратты ала алады.
"Нақты жағдайға байланысты қылмыстық іс пен әкімшілік іс бойынша да шешімді сот қабылдайды. Ал азаматтық іс қозғалса, бірден сотқа беру арқылы бірнеше талап қою мүмкіндігі бар. Олар – жазбаны алып тастауды міндеттеу, кешірім сұрату, моральдық шығын талап ету. Немесе осы үшеуін қатар талап етуге болады", - дейді заңгер.
Заңгердің сөзінше, "буллинг" сөзін заңға енгізудің қажеті жоқ. Заң техникасына сәйкес, көпсөзділік немесе қағазбастылық болмауы керек. Бұған дейін осыған ұқсас әрекеттер қаралған баптарға арнайы тармақ енгізіп, "интернет желісі арқылы" деп тәсілін көрсетуге немесе қудалау мақсатын енгізуге болады.
Заңға өзгеріс қажет
Заңгердің бұл пікірін мәжіліс депутаты Ерлан Сайыров қолдайды. Бұған дейін желідегі парақшасында "Әлеуметтік желі кодексін" енгізуді ұсынған депутат ойын тарқатты.
"Біз өмір сүріп жатқан ақпараттандыру мен жаһандану заманы келді, мемлекетті, адамды дамытуға оң қадамдар жасаумен қатар әртүрлі тегеуріндерді де алып келіп жатыр. Сондықтан қазір желідегі кибербуллинг мәселесі назар аударуды қажет етеді. Бұған дейін "Әлеуметтік желі кодексі" қажет екенін жаздым. Бұл осыған байланысты бөлек заң қабылдау қажет дегенді емес, желіде өзін-өзі ұстаудың этикалық-моральдық заңы қажет екеніне меңзейді. Демек әлеуметтік желіде адамды қорғау, адамның ар-ожданын қорғау жөнінде белгілі бір заң қажет", - дейді мәжіліс депутаты.
Айтуынша, адамның жеке басын қорғауға бағытталған Азаматтық кодекстің баптары әзірге жұмыс істемей тұр.
Айта кететіні, Азаматтық кодекстің 143-бабында ар-намысты, қадiр-қасиеттi және iскерлiк беделдi қорғау мәселесі қарастырылған.
"Көптеген азамат, мемлекеттік органдар сын, мін, жеке басына қатысты мәселе болған кезде сотқа жүгінбеуге тырысады. Ең қажеті – әлеуметтік желіде өзін ұстаудың мәдениетін қалыптастыру. Мәдениет – біреудің жеке басына тиіспеу, жеке ісіне араласпау, бір-біріне сыйластық көрсету", - деді Сайыров.
Оны айтуынша, адамның жеке басын қорғауға қатысты да заңға өзгеріс қажет, ал ол өзгеріс қоғаммен диалог аясында жүзеге асқаны жөн. Алдымен халықаралық тәжірибені зерттеп, белгілі бір қадамға бару керек.