НҰР-СҰЛТАН, 3 тамыз – Sputnik. Әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны түсірген видео таралып жатыр. Онда қорғаныс құралдарын киген адамдар жекеменшік үйлердің маңында жүр. Қала әкімдігі осы оқиғаға қатысты түсініктеме берді, деп хабарлады Stopfake.kz сайты.
Видео авторы қорғаныс құралдарын киіп жүрген адамдарды түсірген. Олар цистерналарды көлікке тиеп жатыр.
"Өздерің қорғанып, халықты улап жүрсіңдер! Халық жаулары! Түнде жасырынып келді. Сендер халықты қырып жатқан айуансыңдар! Қазақты қырып жатырсыңдар! Өздерің қазақсыңдар!", - дейді видео авторы.
Ер адам көршілерді де көмекке шақырған. Одан кейін көлікпен келген жұмысшылардан қорғаныс құралын шешуді талап етті. "Неге күндіз істемейсіңдер?", - деп сұрағанда жас жігіттер ол уақытта масаның болмайтынын айтқан. Бірақ ер адам сенбейді. Бірнеше минуттан кейін жұмысшылар көлікке мініп, кетіп қалады.
Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі осы оқиғаға қатысты түсініктеме берді
"Маса мен шыбын-шіркейді улау жұмыстары видеоға түсірілген. Дезинсекциялық жұмыстарды "Столичная дезинфекция" ЖШС қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасымен бірлесіп жүргізіп жатыр. Зиянкестерді жою жұмыстары кезінде дезинсекторлар адамдар, жануарлар мен өсімдіктер үшін мүлдем қауіпсіз ерітіндіні қолданады. Жұмыс түнгі уақытта және таңертең жүргізіледі", – дейді әкімдік мамандары.
Елорда әкімдігі жалған ақпарат таратқандар заң алдында жауап беретінін еске салды.