Әлем

Уханьда қайтадан коронавирус анықталды – 11 миллион адам тексерістен өтеді

2020 жылы Ухань қаласында вирус жұқтыру көрсеткіші төмендеп, артынша науқастар қайта тіркеле бастағаннан кейін халықты бір рет тексерген
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 3 тамыз – Sputnik. Қытайдың Ухань қаласында коронавирус жұқтырған адамдардың саны көбейе бастады. Осыған байланысты жергілікті билік барлық қала тұрғынын – 11 миллион адамды қайта тексеріп шығуға шешім қабылдады, деп хабарлайды Global Times.

Бұған дейін қалада COVID-19 жұқтырған адам болмаған. Былтырдан бері бірлі-жарым жағдай ғана тіркелген. Ал дүйсенбі, 2 тамызда жергілікті билік 7 адамның вирус жұқтырғанын мәлімдеді. Ауру қайта тарап кетпес үшін қала тұрғындарының бәрін тестілеуден өткізуге шешім қабылданды.   

Ресми мәліметке сәйкес, инфекцияны алдымен Чжуанькоу ауданының тұрғыны жұқтырған. Одан кейін онымен жақын араласқан алты адам ауырып қалыпты. Қазіргі кезде науқастың тұратын және жұмыс істейтін жері, тұтас аудан оқшауланды.   

Қала метросында карантин шаралары күшейтілді. Атап айтқанда, адамдардың бәрі міндетті түрде бетперде киюге тиіс. Дене қызуы да тексеріледі. Ал Чжуанькоу орамында бірнеше станция уақытша жабылды. Билік халықты вакциналауға белсенді түрде қатысуға үндеді.     

Жергілікті халық қолға алынған шараларды қолдап отыр. Барлығы қатты қажеттілік болмаса, далаға шықпауға тырысады.

2020 жылдың мамырында, Ухань ауруханасынан соңғы науқас жазылып шыққаннан кейін араға бір ай салып, қалада вирус жұқтыру жағдайлары қайта тіркеле бастады. Содан шұғыл штаб барлық адамды тестілеуден өткізуге тапсырма берген.