Қоғам

Тоқаев Бердібек Сапарбаевқа не үшін сөгіс жариялады

Әкімге бір тәулік ішінде кадрлық қателігін түзетуге тапсырма берілді
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 3 тамыз – Sputnik. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаевқа сөгіс жариялады. Бұл туралы мемлекет басшысының баспасөз хатшысы Берік Уәли мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

"Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаевқа сөгіс жариялады. Ол 2019 жылы жұмысында едәуір олқылықтарға жол беріп, қызметінен босатылған Қайрат Досаевты әкімдіктің басқарма басшысы етіп тағайындаған. Әкімге бір тәулік ішінде кадрлық қателігін түзету тапсырылды", - деп жазды Уәли әлеуметтік желідегі парақшасында.

Тоқаев жұмыстан қуған экс-әкім

Айта кетері, 2019 жылы Таразда 7-сынып оқушысын мектеп аумағындағы дәретханада зорлап кеткен. Мектеп ішіндегі әжетхана дұрыс жұмыс істемеген. Ал білім ошағының аумағында бір сағат бойы жүрген бөтен адамға ешкім назар аудармады. Полицияның мәліметінше, ұсталған күдікті 19 жыл бұрын әйел зорлағаны үшін төрт жыл түрмеде отырып шыққан.

Бүкіл елді шулатқан оқиғадан кейін Жамбыл облыстық білім басқармасының басшысы, мектеп директоры, мектеп инспекторы және бірнеше мұғалім мен білім ошағының қызметкері жұмыстан кетті. Ал бірнеше күннен кейін президент Қасым-Жомарт Тоқаев Тараз қаласының әкімі болған Қайрат Досаевты қызметінен босатуды тапсырды.

Кеше Жамбыл облысы әкімі Бердібек Сапарбаев бұрынғы әкімді облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы қызметіне тағайындады.