НҰР-СҰЛТАН, 3 тамыз – Sputnik. Оралда алаяқ әйел жетпіс адамды алдап кетті. Олар жұқпалы аурулар ауруханасына жұмысқа тұрамыз деп ақша берген. Кейбірі қаражатты кредитке алыпты, деп хабарлайды Sputnik ҚазақстанAstana TV арнасына сілтеме жасап.
Алаяқ әйел әрбір адамнан 150 мың теңге алған. Алданғандар арасында қала тұрғыны Рая Исмағұлова да бар. Ол жұқпалы аурулар ауруханасына кіру үшін кредит рәсімдеді. Бірақ алаяққа алданғанын кеш түсінді.
"Қарыз алып, кредит рәсімдеп, осы жұмысқа кіремін деп ойладым. Өз басым, қайтарамын деп процентке ақша алдым. Бізге 16-сы күні жұмыс болады деді. Енді ақша да жоқ. Өзіне хабарлассақ, "менде ақша жоқ" дейді. Қаражатты жоғарыдағыларға бердім. Сендерге қайдан табам деп қояды", - дейді Исмағұлова.
Батыс Қазақстан облыстық жұқпалы аурулар аураханасы да алаяқтың үстінен шағым түсірді.
"Оның жәбірленушілерге жіберген жазбасы мен аудионы тыңдадық. Күдікті біздің қызметкердің атын жамылып сөйлескен. Осыған байланысты полицияға арыз жаздық. Өйткені істің басын ашып алғымыз келді. Кейін полиция департаменті ешкімге шығын келмегенін, ақшаның қайтарылғанын хабарлады. Сұрастырған кезде кейбір адамның жұмысқа кіруге 400 мың теңге төлегенін де естідік", - деді аурухана басшысы Надия Ахметова.
Алаяқ әйел 15 адамды жергілікті обаға қарсы күрес стансасына апарып, оқытқан. Тіпті дәрігерлік қорғаныш киімін қалай пайдалануды үйреніп, арнайы сертификат та алыпты. Бірақ бәрін алдап кетті. Бұған дейін ол алаяқтық әрекеті үшін істі болған екен.
Ал облыстық полиция департаменті күдіктің ұсталғанын хабарлады. Қылмыстық кодектің 190-бабы ("Алаяқтық") бойынша тергеу шаралары басталды.
"Батыс Қазақстан облысының отыздан астам тұрғынын жұмысқа орналастыруға уәде берген 1991 жылы туған азамат ұсталды. Облыс аумағынан шықпау туралы қолхат алынды", - дейді департамент мамандары.
Облыстық полиция департаментінің дерегінше 70 адамнан арыз түскен. Қазіргі уақытта отызы алданғаны анықталды.