Өңірлер

Алматыда бір аптада коронавирус жұқтырғандар саны 1,5 есе өсті

Коронавирустың жаңа түрін жұқтырған науқастарда аурудың симптомдары өзгерді. Асқазан-ішек ауруына шағымданатындар көбейген
Sputnik

АЛМАТЫ, 2 тамыз – Sputnik. Алматылық дәрігерлер қалада 20-40 жас аралығындағы тұрғындардың коронавирус инфекциясын жиі жұқтырып жатқанын мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Алматы қаласы санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Әсел Қалықованың айтуынша, кейінгі екі аптада жасөспірімдер арасында коронавирустың таралуы 0,7%-ке, 40-59 жас аралығындағы азаматтар арасында 0,8%-ке өскен.

"Науқастардың арасында 37%-і 20-40 жастағылар, 25%-і 40-59 жастағы азаматтар, 19%-і 60 жастан асқан адамдар, 13%-і 14 жасқа дейінгі балалар", - деді Қалықова.

Эпидемиологтың айтуынша, коронавирустың жаңа түрін жұқтырған науқастарда аурудың симптомдары өзгерді. Адамдардың иіс сезбеуге қатысты шағымы азайған. Алайда  коронавирус жұқтырғандар арасында асқазан-ішек ауруына шағымданатындар көбейген.   

Айта кетері, жыл басынан бері Алматыда 81 мыңнан астам адам коронавирус жұқтырған. Қаланың эпидемиологтары тамызда науқастар саны 35 мыңға дейін жетіп, қыркүйекте 4,5 мыңға дейін төмендейді деген болжам жасады.

Алматы неге коронавирустың таралуы бойынша "қою қызыл" аймаққа енді

"Бір аптада өткен аптамен салыстырғанда Алматыда коронавирус жұқтырғандар саны 1,5 есе өсті, осылайша 9 852 жағдайға жетті. Тәуліктегі өсім 1,7% құрайды. Салыстырмалы түрде бір аптада ауру белгілері бар науқастар саны 90%-тен 92%-ке өсті", - деді Әсел Қалықова.

Алматы қазір коронавирустың таралуы бойынша "қою қызыл" аймақта тұр. Бір тәулікте қалада 1 540 адамнан инфекция анықталды.