НҰР-СҰЛТАН, 31 шілде – Sputnik. Токио Олимпиадасында бокстан 1/8 финалының жекпе-жектері басталды. Бүгін рингке қазақстандық боксшы Сәкен Бибосынов (52 келі) шықты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Екінші айналымда Бибосынов француз боксшысы Биллаль Беннамамен кездесті. Жерлесіміз бірінші раундтан бастап рингтің ортасын бермей, қарсыласына қысым жасай бастады. Соққылары да діттеген жеріне жетті. Соның арқасында бірінші раундnа басымдыққа ие болды. Бес төрешінің төртеуі оған жоғары ұпай берді.
Екінші раундта қазақстандық боксшының қарқыны сәл бәсеңдесе де, өз басымдығын ұстап қалды. Ал үшінші раунда екеуі ашық жұдырықтасты. Бастарын бір-біріне тіреп қойып, сериялық соққыларын жасады. Бибосынов осы раундты да алып кетті. Қорытынды есеп- 5:0.
Ширек финалда Бибосынов испаниялық боксшы Габриель Эскобар Маскунаномен қолғап түйістіреді. Бұл жекпе-жек 3 тамызда өтеді.
Оқи отырыңыз: Олимпиада чемпионы тізе бүгіп, алтын медалін әкесіне берді – жантебірентерлік видео
Бұған дейін Бибосынов алғашқы жекпе-жекте пуэрторикалық Янкьель Ривера Фигероны 4:1 есебімен жеңген болатын.
Айта кетейік, Олимпиадада төрт боксшымыз қалды. Олар - Закир Сафиуллин (63 келі), Сәкен Бибосынов (52 келі), Әбілхан Аманқұл (75 келі) мен Қамшыбек Қоңқабаев (91 келіден жоғары). Қалған төрт боксшы жарыс жолын аяқтаған болатын. Атап айтқанда, Серік Теміржанов (57 келі) екінші айналымнан аса алмаса, 69 келі салмақ дәрежесінде Абылайхан Жүсіпов америкалық боксшыға жол берді. Ал Василий Левит (91 келі) нокаутпен ұтылды. Әлем чемпионы Бекзад Нұрдәулетов те бірінші жекпе-жекте ресейлік боксшыдан жеңіліп қалды. Қазақстанның әйелдер командасы атынан Токио Олимпиадасына барған жалғыз боксшы Надежда Рябец (75 келі) бірінші жекпе-жекте ұтылып қалды.