НҰР-СҰЛТАН, 30 шілде – Sputnik. Батыс Қазақстан облысында ауыл әкімі көлікті мас күйінде жүргізгені үшін 15 тәулікке қамауға алынды. Оған қоса, шенеунік жеті жылға көлік жүргізу құқығынан айырылып отыр, деп хабарлады "Мой ГОРОД" порталы.
Облыстың мемлекеттік қызмет істері департаментінде этика жөніндегі кеңес отырысы өтті. Бәйтерек ауданына қарасты Янайкино кентінің әкіміне қатысты мәселеге қаралды. Департамент өкілі Дәурен Қайыровтың айтуынша, полицейлер 11 мамыр күні Орал-Атырау тасжолында көлік тоқтатқан. Рөлде Янайкино ауылының әкімі Ауған Әлмұрзин отырған. Шенеунік көлікті мас күйінде жүргізді. Бұл медициналық тексеріс кезінде расталды.
"Соттың шешімімен Әлмұрзин Әкімшілік құқықбұзушылық кодекстің 608-бабы ("Жүргізушінің көлікті алкогольдік масаң күйде басқаруы") бойынша кінәлі деп танылып, 15 тәулікке қамауға алынған болатын. Сондай-ақ көлік жүргізу құқығынан айырылды", - дейді Қайыров.
Ал кеңес басшысы Ғалым Тұрсынов ашуын жасыра алмады. Мұндай әрекет жасаған мемлекеттік қызметшіні ақтауға болмайды.
"Орал-Атырау" тасжолы Батыс Қазақстан облысында ең қауіпті жолдардың бірі болып саналады. Оны "өлім жолы" деп атайды. Ал рөлге мас күйінде отырған адам нағыз қылмыскер. Мемлекеттік қызметші ретінде ғана емес, адам ретінде рөлге мас күйінде отыруға құқығыңыз жоқ", - деп атап көрсетті Тұрсынов.
Ал әкім Әлмұрзиннің өзі ақталуға тырысты. Оның айтуынша, сол күні қатты мас болған жоқ. Арақтың иісі ғана шығып тұрды.
"Мені тасжолда емес, Янайкиноға бұрылатын жерде тоқтатты", - деді ол.
Этика жөніндегі кеңес мүшелері ауыл әкімін жұмыстан босату туралы шешім шығарды.