НҰР-СҰЛТАН, 30 шілде — Sputnik. "Барымташылар. Уақыт жолдары" фильмі 29 шілдеден бастап франциялық көрерменнің назарына ұсынылды және ол 20-дан астам қалада көрсетіледі, деп жазды Қазақфильм Instagram парақшасында.
"Бұл мен үшін өте қызықты және қуанышты жағдай. Жапон режиссерімен бірге түсірілген фильм әлемдік кинематограф отанында көрсетіледі. Мұндай айтулы оқиға менің өмірімде бірінші рет болып тұр", - деді туынды режиссерлерінің бірі Ерлан Нұрмұхамбетов.
Сонымен қатар фильмнің екінші режиссері – жапон Лиза Такабэ. Басты рөлдерді Самал Еслямова, Адия Мусина, Мираи Морияма және тағы басқалар сомдаған. Ерлан Нұрмұхамбетов сондай-ақ сценарий авторы екенін де атап өту керек.
"Қазақфильм" мен "Tokyo New Cinema" жапон компаниясы бірлесіп түсірген "Барымташылар. Уақыт жолдары" фильмі барымташылардың бір үйдің отағасын өлтіруі салдарынан басына күн туған отбасының бастан кешірген оқиғасын баяндайды. Әкесінің өліміне қабырғасы қайысқан 12 жастағы Олжас өзінің және кішкентай қарындастарының басына түскен сынаққа төтеп беруге мәжбүр болады. Алайда үміт үзілген шақта бейтаныс біреу оларға көмектесе бастайды.
Аталған фильм осы жылдың қыркүйегінде отандық кинотеатрлардан көрсетіле бастайды.