Өңірлер

Талдықорған әкімдігінің лауазымды тұлғалары пандемия кезінде қылмыс жасаған

Бөлім басшысы қарамағындағы қызметкермен келісіп, қала рестораторлары мен жаппай сауда өкілдерінен жүйелі негізде пара алып келген
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 30 шілде – Sputnik. Алматы облысында мониторингтік топтың құрамына кірген Талдықорған әкімдігі кәсіпкерлік бөлімінің лауазымды тұлғалары сыбайлас жемқорлық қылмысына барғаны анықталды.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ақпаратынша, шенеуніктер коронавируспен күрес бойынша дағдарысқа қарсы шаралар кезінде бұқаралық іс-шараларды ұйымдастыруға және өткізуге тыйым салынғанына қарамастан, кейбір нысандардың карантинді бұзуына жол берген.

Атап айтқанда, бөлім басшысы қарамағындағы бас маманмен алдын ала келісіп, қала рестораторлары мен жаппай сауда өкілдерінен оларға қатысты әкімшілік шара қабылдамау үшін жүйелі негізде 20 мыңнан 270 мың теңгеге дейін пара алып тұрған.

Сондай-ақ пара берген мейрамханалардың 5 әкімшісі де қылмыстық жауапқа тартылады.

Тағы оқыңыз: Қостанайда күзетшілер мониторингтік топ мүшелеріне шабуыл жасады

Лауазымды тұлғалар уақытша ұстау изоляторына қамалды, бұлтартпау шарасын таңдау мәселесі шешілуде.

Тергеу жалғасып жатыр.

ҚІЖК-нің 201-бабына сәйкес тергеу мүддесіне байланысты басқа мәліметтер жария етілмейді.