Өңірлер

Қызды құтқарып үлгерді – Семейде ерлікпен қаза болған бала наградталды 

Құтқарушылар награданы баланың ата-анасына табыстады. Департамент қызметкерлері нағыз батыр ұлды тәрбиелегені үшін алғыс айтты
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 30 шілде – Sputnik. 14 жаста болған Нұржігіт Әшімжанов жүзе алмаса да, қызды құтқарып қалды. Бірақ өзі көз жұмды. Ерлікпен қайтыс болған бала "Суға батқандарды құтқарғаны үшін" медалімен марапатталды. Награда батыр ұлдың ата-анасына табысталды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан

Оқиға 2021 жылдың 30 маусымында болған. Нұржігіт достарымен бірге Ертіс өзенінің жағасында жүргенде суға батып бара жатқан қызды көрген. Өзі жүзуді білмесе де, бірден суға секірген. Қызға жақындап барып, шұңқырдан шығарып, жағаға қарай итеріп жіберді. Бірақ өзі судан шыға алмады. Күші сарқылып, батып кетті.

Куәгерлер оны жағаға шығарғанда бала есінен танып жатқан. Оқиға орнына жедел медициналық жәрдем бригадасы да келіп жетті. Дәрігерлер Нұржігітке реанимациялық іс-шаралар жасады. Алайда баланы құтқару мүмкін болмады. 

29 шілде күні төтенше жағдайлар министрінің бұйрығымен ерлікпен қайтыс болған Нұржігіт Қанышұлы Әшімжанов "Суға батқандарды құтқарғаны үшін" медалімен марапатталды.

Қызды құтқарып үлгерді – Семейде ерлікпен қаза болған бала наградталды 

Құтқарушылар награданы баланың ата-анасына табыстады. Департамент қызметкерлері батыр ұл тәрбиелегені үшін алғыс айтты. 14 жасар Нұржігіт ерлік, батылдық пен қайсарлықтың үлгісін көрсетті.