Оқиға

Ер адам анасына WhatsApp-тан хабарлама жіберіп, отбасылық демалыс шырқын бұзды

Елордада тұратын отбасы Шығыс Қазақстанға демалуға барған
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 30 шілде – Sputnik. Шығыс Қазақстан облысында анасымен сөзге келген 45 жастағы ер адам өзіне қол салмақ болды, деп хабарлайды өңірдің полиция департаментінің баспасөз қызметі.

27 шілде күні Нұр-Сұлтан қаласының 66 жастағы тұрғыны Алтай ауданы Жаңа Бұқтырма кентінің полиция бөлімшесіне ұлының жоғалғанын хабарлады.

Анықталғандай, елордалық әйел отбасымен Бұқтырма су қоймасында орналасқан "Ертегі" демалыс базасына келген.

Демалыс кезінде анасы мен 45 жастағы ұлы арасында жанжал шыққан. Осыдан кейін ер адам көлігіне отырып, белгісіз бағытқа кетіп қалған. Біраз уақыттан соң ол Whatsapp-тан анасына өзіне қол жұмсағалы жатқанын айтып хабарлама жібереді.

Тағы оқыңыз: "Жіберме ананы!": қостанайлық бойжеткеннің оқыс әрекеті видеоға түсіп қалды

Жаңа Бұқтырма кентінің полицейлері ер адамды таудан тапты. Ішімдік ішкен ол өзіне қол салмақ болған.

Ер адам Жаңа Бұқтырма кентінің полиция бөлімшесіне жеткізілді. Тәртіп сақшылары онымен профилактикалық әңгіме жүргізіп, кейін туыстарына тапсырды.