АЛМАТЫ, 30 шілде – Sputnik. Токиодағы XXXII жазғы Олимпиада ойындарының "қола" жүлдегері Игорь Сон мемлекет тарапынан берілетін қаржыны қайда жұмсайтынын айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
"Менің інім церебралды сал ауруымен ауырады, мүгедек. Отбасым Оңтүстік Кореяға емделу үшін кетті. Қазір әкем мен анам, ағам мен інім – барлығы Кореяда", - деді Игорь Сон Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг кезінде.
Олимпиада жүлдегері мемлекет тарапынан берілетін қаржыны сол інісінің еміне жұмсайтынын айтты.
"Менің міндетім – алдымен бауырымды аяққа тұрғызу. Інімнің емінен қалған қаржыға өмір сүремін", - деді ауыр атлетші.
Қазақстанда Олимпиада чемпионына 250 мың доллар, күміс жүлдегерге 150 мың доллар, қола жүлдегерге 75 мың доллар беріледі.
Айта кетейік, Игорь Сон Токио Олимпиадасында 61 килограмға дейінгі салмақ дәрежесінде қола медаль ұтып алды. Ол жарыс кезінде барлығы 294 (131+163) килограмм көтерді.