НҰР-СҰЛТАН, 30 шілде - Sputnik. Нұр-Сұлтанда полицейлер екі ұл баланы үш күннен бері іздеп жатыр.
Елорда полиция департаментінің хабарлауынша, тәртіп сақшыларына балалардың жоғалып кеткені туралы ақпарат 28 шілдеде сағат 22:50 -де түскен.
"11 және 9 жастағы балалар Севастопольский тұйық көшесінде орналасқан үйдің ауласынан белгісіз бағытта шығып кеткен. Осы уақытқа дейін олардың қайда екені белгісіз. Анасы балалар жоғалған күннің ертеңінде полицияға хабар берген", - деп атап өтті елорда полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Полиция департаментінің жеке құрамы кәмелетке толмаған балалардың жүрген жерін анықтауға бағытталған іздеу және тексеру іс-шаралар кешенін қолға алды.
Полицейлер еріктілермен бірге балалар жоғалған аумақта үйлерді, кіреберістерді, жертөлелерді, шатырларды, аулаларды, дүкендер мен кәріз құдықтарын тексеріп жатыр.