Қоғам

Бес қалада локдаун енгізіледі: жұмыс күндері қоғамдық көлік жүре ме

Бас санитар дәрігердің қаулысымен қазір автобустар демалыс күндері жүрмейді
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 30 шілде – Sputnik. Карантин талаптары күшейетін бес ірі қалада жұмыс күндері қоғамдық көлік қозғалысы тоқтамайды және Ashyq жүйесі де енгізілмейді.

Карантин Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Атырау және Қарағандыда қатаңдатылады. Өйткені Қазақстан бойынша тәулік ішінде вирус жұқтырғандардың 65%-і мен қайтыс болғандардың 55%-і осы қалаларда тіркеліп отыр.

Эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыру үшін Ashyq жобасына қосылмаған барлық кәсіпкерлік нысаны қызметін уақытша тоқтатуға мәжбүр.

Sputnik Қазақстан тілшісі бұл талап сенбі-жексенбі жүрмейтін қоғамдық көліктің жұмысына қатысы бар ма, жоқ па, соны анықтады.

Денсаулық сақтау министрлігі санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің ақпаратынша, бұл қалалардың қоғамдық көлігі Ashyq жүйесіне қосылмайды.

"Қазіргі таңда қоғамдық көлікке қатысты қосымша шектеулер енгізу қарастырылмаған", - деп мәлімдеді комитеттегілер.

30 шілдедегі жағдай бойынша Түркістан облысынан басқа бүкіл өңір "қызыл" аймақта тұр. Бұл облыс әзірге "сары" аймақта орналасқан. Өткен тәулікте республикада вирус жұқтырған 7 778 адам тіркелді.