Оқиға

Батып бара жатқан: полицейлер жоғалып кеткен ер адамды кездейсоқ тауып алды

Өскеменде суға батып кете жаздаған ер адамның әйелі күйеуін 16 шілдеден бері іздеп жүрген
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 29 шілде – Sputnik. Шығыс Қазақстан облысы Глубокое ауданына қызмет бабымен барған Өскемен полиция басқармасының қызметкерлері Үлбіге батып бара жатқан адамды құтқарып қалды.

Ол 16 шілде із-түзсіз жоғалып кеткен Өскемен тұрғыны болып шықты, деп хабарлайды YK-news.kz.

"Біз ер адамды жағаға шығардық. Ол суықтан дірілдеп тұрды. Біз от жағып, киім беріп, оны тамақтандырдық", - деді полицейлер.

Біраз уақыттан соң ер адам есімі Александр екенін, адасып, үйіне қайта алмай жүргенін айтты. Мекенжайын да көрсетті.  

"Мен Үлбіге шомылуға барған едім. Суға түсер алдында аздап ішімдік іштім. Сүңгігенде аяғым тасқа соғылды. Жарақат алып, судан шыға алмадым. Өзен ағысы мені әкетіп бара жатқанын сездім. Анаммен, балаларыммен іштей қоштаса бастадым...Жағадағы адамдарды көргенде, өз көзіме өзім сенбедім. Бірақ көмекке шақыруға күшім болмады. Олар мені өздері байқап қалғаны жақсы болды!", - деп келтірді Александрдың сөзін полицияның баспасөз қызметі.

Анықталғандай, Александр 16 шілдеде жұмысқа кетіп, сол күйі оралмаған. Үш күннен соң әйелі полицияға күйеуінің жоғалғаны туралы арызданды.