Қоғам

Министрлік Қазақстанда қанша шетелдік азаматтың жұмыс істеп жүргенін айтты

Ішкі еңбек нарығын қорғау мақсатында еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жыл сайын елімізге шетелдік мамандарды тартуға арналған квота белгілейді
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 29 шілде - Sputnik. Қазақстанда ресми жұмыс істейтін еңбек мигранттарының саны 15 мыңнан асады, деп хабарлады еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.

Ведомство мәліметіне сүйенсек, 1 шілдедегі жағдай бойынша ел аумағында 15 796 шетелдік азамат жергілікті атқарушы органдардың рұқсатымен еңбек етіп жүр.

Еңбек мигранттары келген негізгі елдер: Қытай – 3 782 адам, Өзбекстан – 1 953 адам, Түркия – 1 633 адам, Үндістан – 1 051 адам, Венгрия – 992 адам, Ұлыбритания – 959 адам. 

Шетелдік жұмыс күшін тартуға берілген рұқсат ішінде мынадай санаттар бар: бірінші санат – 651 (басшылар және олардың орынбасарлары), екінші санат – 3 281 (құрылымдық бөлімшелердің басшылары). Елде жұмыс істеуге тартылған еңбек күшінің негізгі бөлігі мамандар (7 600 адам) және білікті жұмысшылар (410 адам) екені белгілі болды.

"Сондай-ақ маусымдық жұмыстарға – 1 939 адам, ал корпоративтік ауыстыру бойынша 1915 адам тартылған. Қазіргі уақытта Қазақстанда шетелдік жұмыс күшін пайдаланатын 1 793 жұмыс беруші бар. Оларда шамамен 484 мың Қазақстан азаматы жұмыс істейді, бұл жалпы жұмысшылар санының 97%-ін құрайды", - деп нақтылады министрліктегілер.

Ішкі еңбек нарығын қорғау мақсатында еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жыл сайын елімізге шетелдік мамандарды тартуға арналған квота белгілейді. 2021 жылы бөлінген квота мөлшері - жұмыс күшіне шаққанда 0,31% немесе 29,3 мың адам.

Оқи отырыңыз:Шетелде тұратын қазақстандықтар елді неге тастап кеткенін ашық айтты