НҰР-СҰЛТАН, 29 шілде — Sputnik. Токио Олимпиадасында ресейлік спортшы және Чили Республикасынан келген журналистің арасында жанжал туындады. Ұйымдастыру комитеті осы мәселеге қатысты тергеу шараларын бастады.
Сәрсенбі күні Даниил Медведев екінші айналымда италиялық теннисші Фабио Фоньиниді жеңіп, Олимпиаданың 1/8 финалына шыққан болатын. Осы матчтан кейін баспасөз мәслихаты өтті. Ресейлік спортшы журналистердің сұрағына жауап берген. Кездесу барысында Чилиден келген бір журналист барлық ресейлік спортшыны "читер" (өтірікші) деп атап, Медведевтен өзін олардың қатарында қалай сезінетінін сұрады.
Ресейлік теннисші өмірінде алғаш рет журналистің сұрағына жауап беруден бас тартып отырғанын айтып, Халықаралық теннис федерациясынан (ITF) репортерді жарыстарға кіргізбеуді талап етті.
Кремль де Медведевтің ұстанымын қолдады. Ал журналистің алаяқтық жайында айтқан сөзін спортшыларға тіл тигізу деп бағалады. РФ президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песковтың айтуынша, теннисші арандатушылық әрекетке лайықты жауап берген.
Ал Олимпиаданың ұйымдастыру комитеті ресейлік спортшы мен чилилік журналист арасындағы жанжал бойынша тергеудің басталғанын хабарлады.
"Ұйымдастыру комитеті тергеуді бастады", — деді Ресейдің Олимпиада комитетінің өкілдері РИА Новости агенттігіне берген сұхбатында.
Айта кетейік, Фабио Фоньиниге қарсы матчта Даниил Медведев өзін нашар сезініп, дәрігерлер көмегіне жүгінуге мәжбүр болды.
Оқи отырыңыз: Қазақ боксшылары Олимпиадада қанша медаль алуы мүмкін – Сәпиев жауап берді