Өңірлер

Алматыда "қайтып келген" қызға өз туыстары қысым көрсетті

Туыстары қызды еркінен тыс күйеуге берген. Кейін ол үйіне қайтып келгенде, осы әрекетін бетіне басып, намысына тиген
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 29 шілде — Sputnik. Дағдарыс орталығының қызметкерлері 24 жастағы Алматы тұрғынын туыстарының қорлығынан арашалап қалды.

Алматылық ару туыстарының соққысы мен қорлығына төзуден шаршап, дағдарыс орталығының көмегіне жүгінген. Ол бұл орталықта бірнеше күн түнеп шыққан. Алайда бір күні жұмысқа кетіп, қайта оралмады. Мекеме қызметкерлері оның жай-күйіне алаңдап, полицияға шағым түсірді, деп хабарлайды "Еуразия бірінші арнасы"

"Ол дағдарыс орталығына қайтып келе жатқан кезде ағасы мен анасы көлікке отырғызып, үйіне алып кеткен. Полицияға хабарластық, қазір осы іс бойынша бірлесіп жұмыс жүргізіп жатырмыз. Мұндай әрекетке жол жоқ", - деді тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арналған дағдарыс орталығы директорының орынбасары Татьяна Мидо.

Қыздың туыстарының үйіне келген тәртіп сақшылары алматылық аруды қамауда ұстап отырғанын анықтаған. Тұтқын босатылды.

Ол өзін еркіне қарсы күйеуге бергенін, алайда отбасылық өмірде қиындық туындап, үйіне оралғанын айтып берді. Барлық қиямет үйіне оралғанда басталған. 

"Мені балағаттап, намысыма тиді. Менің күйеуімнен кетпей, бар қиындыққа шыдап, қалуым керек деп, қайтып келгенімді бетіме басты. Осы жағдайға байланысты қазір жалғыз қалдым. Досым да, құрбым да жоқ. Оларға қарсы шағым жазбаймын. Қандай болса да, отбасым ғой", - дейді құтқарылған алматылық. 

Әйтседе ол полиция көмегіне жүгініп, өзін қорғау туралы өтініш түсірді: туыстарына оған жақындауға тыйым салынды.