Өңірлер

Коронавирустың төртінші кезеңі: Бекшин не дейді

23 шілдеден бастап індет жұқтырғандар саны күніне мың адамнан асты. Өткен тәулікте 1 470 адамға жетті
Sputnik

АЛМАТЫ, 29 шілде – Sputnik. Алматыда 15 маусымда басталған коронавирус инфекциясының төртінші кезеңіне байланысты қаладағы эпидемиологиялық жағдай күрделеніп жатыр, деп мәлімдеді қаланың бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин.

Оның сөзінше, бұл кезең "дельта" штамымен байланысты болып отыр.

"Пандемия басталғалы қала үш толқыннан өтті, қазір төртінші толқынға кіріп жатырмыз. Сондықтан қаладағы эпидемиологиялық жағдай күрделеніп бара жатыр. Соңғы аптаны алсақ, өткен аптамен салыстырғанда науқастар саны 1,4 есеге көбейді, 5 790-нан 8 393 жағдайға дейін өсті", - деді Бекшин.

23 шілдеден бастап індет жұқтырғандар саны күніне мың адамнан асты. Өткен тәулікте 1 470 адамға жетті.
Бекшиннің сөзінше, тамызда төртінші толқын шарықтап, қыркүйектің басында ауру жұқтырғандар саны азаяды.

"Қазір бар күшімізді халықты вакциналауға арнап жатырмыз. Қалада вакцинаның бірінші компонентін екпе алуға рұқсат берілген тұрғындардың 35,2%-і салдырды. Қазір иммундық қабат 34%-ті құрайды", - деді Бекшин.

Бұған дейін қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нариман Табынбаев ауру жұқтырғандар саны тамыздың алғашқы онкүндігінде шарықтайтынын айтты. Ол кезде коронавирус инфекциясы тәулігіне 1 600 адамнан анықталуы мүмкін.

10-11 тамызда бұл көрсеткіш 1 900-ге жетеді. Тамызда 34 500, қыркүйекте 4 500 жағдай тіркеледі деген болжам жасалды.