НҰР-СҰЛТАН, 29 шілде — Sputnik. Американың бір топ сенаторы ресейлік "Солтүстік ағын - 2" жобасы тоқтатылмаса, АҚШ-тың қаржы министрлігіндегі тағайындауларға бұғаттау енгіземіз деп қысым көрсетті. Sputnik радиосының эфирінде саясаттанушы, заманауи мемлекеттік даму институтының директоры Дмитрий Солонников осы жағдайға қатысты өз ойын бөлісті.
Америкалық 12 республикашыл сенатор АҚШ қаржы министрлігі мен Ақ үйге ультиматум қойды. Олар "Солтүстік ағын – 2" жобасына жаңа санкциялар енгізуді талап етіп отыр.
Олар ұсынған хаттан үзіндіні Bloomberg агенттігі жариялады.
"Солтүстік ағын – 2" газ құбыры Америка Құрама Штаттары мен оның одақтастары және серіктестерінің ұлттық қауіпсіздік мүддесіне тікелей зиян келтіріп отыр. Бұл жоба аяқталатын болса, онда РФ президенті Владимир Путиннің Еуропаға ықпалы артып, Украинаның қауіпсіздігіне қауіп төндіреді және ресейлік агрессияның артуына алып келеді", - деп жазылған хатта.
Ақ үй әкімшілігі "газ құбырына қатысты өз позициясын өзгертіп, жаңа санкциялар енгізбесе", сенаторлар қаржы министрлігіндегі екі қызметтік тағайындауға тосқауыл болуды көздеп отыр.
Күні кеше Nord Stream2 AG газ құбырының операторы аталған жоба 99 процентке дайын екенін жариялады.
Sputnik радиосының эфирінде саясаттанушы, Заманауи мемлекеттік даму институтының директоры Дмитрий Солонников ресейлік жобаға қарсы тұру ішкі саяси күрес құралына айналғанын айтты.
"Бұл ұзаққа созылатын ойын. Қазір демократтар мен республикашылдардың орны ауысқанын көріп отырмыз: енді демократтар өз ұстанымдарын қорғап, Кремльмен еш байланысы жоқ екенін дәлелдеп жатыр. Жалпы АҚШ ішінде түрлі позициялар бар екенін, елдің ешбір президенті өз бетінше мемлекет болашағын шеше алмайтыны бұрыннан белгілі. Аталған позициялардың авторлары түрлі қысым көрсетуді жалғастыра береді. Бұл "Солтүстік ағын – 2" жобасы іске қосылғанша жалғаса береді. Алайда газ құбыры жақында іске қосылады. Ал қаржы министрлігіндегі тағайындауды созбақтау жалғасады. Бұл АҚШ-тағы ықпал үшін күрес", - деп санайды Дмитрий Солонников.