Қоғам

Алматыда вакцина салдырған 4 адам коронавирус жұқтырып, жансақтау бөліміне түскен

Науқастардың вакцина салдырған соң қанша уақыттан кейін ауруханаға түскені анықталады, деді қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы
Sputnik

АЛМАТЫ, 27 шілде – Sputnik. Алматыда коронавирусқа қарсы вакцина салдырған төрт адам инфекция жұқтырып, жансақтау бөліміне түскен. Бұл туралы Алматы қаласы қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Нариман Табынбаев мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

"Әр ауруханада арнайы статистика жүргізіледі. Телемедицина орталығынан ақпарат республикалық денсаулық сақтау орталығына түседі. Бүгінде 800-ден астам адам вакцинадан кейін ауруханаға түсті деген ақпарат бар. Бірақ оның статистикасы өте күрделі. Статистика жасалған кезде бірнеше жағдай ескеріледі. Мәселен, вакцинаның бірінші және екінші компонентін салдырған соң 40-45 күн аралығында иммунитет қалыптасуы қажет. Вакцинаның екі компонентін алған 83 адамның ауруханаға түскені тіркелді", - деді Табынбаев.

Басқарма басшысының айтуынша, вакцина салдырған төрт адам коронавирус жұқтырып, жансақтау бөліміне түсті.

"Бірінші компонентін алып, екіншісін салдырып үлгермей ауруханаға түскендер саны 850-ден асып тұр. Ол адамдарда ауру жеңіл өтеді. Жансақтау бөліміне вакцина алғаннан кейін төрт адам түскен. Олардың вакцина салдырған соң қанша уақыттан кейін түскенін анықтау керек. Біз қазір тек вакцина алып, ауруханаға түскендерді тіркеп жатырмыз. Ал науқастардың вакцина салдырғаннан кейін қанша күн өткен соң ауруханаға түскеніне сараптама жасалуда", - деді Алматы қаласы қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы.

Қазір қалада коронавирус жұқтырып, ауруханада жатқандардың 95-96%-ы - вакцина салдырмағандар.

Оқи отырыңыз: Қазақстанда 5 қалада карантин күшейтіледі - комиссия шешімі