НҰР-СҰЛТАН, 27 шілде – Sputnik. Премьер-министр орынбасары Ералы Тоғжановтың төрағалығымен коронавирус инфекцияның таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның кезекті отырысы өтті, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
"Ведомствоаралық комиссия елдегі тәуліктік сырқаттанушылықтың 65%-ін және тәуліктік өлім-жітімнің 55%-ін құрайтын Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Атырау, Қарағанды қалаларында карантин шараларын күшейту туралы шешім қабылдады", - делінген ресми хабарламада.
Комиссия мүшелері 2 тамыздан бастап осы қалаларда бірқатар шектеу шарасын енгізуді ұйғарды. Олар:
- орталық мемлекеттік органдар, әкімдіктер, құқық қорғау органдары, денсаулық сақтау ұйымдары, БАҚ, азық-түлік дүкендері, дәріханалар және тіршілікті қамтамасыз ету ұйымдарын қоспағанда, "Ashyq" жобасына қатыспайтын барлық кәсіпорындар мен ұйымдардың қызметін тоқтата тұру;
- ойын-сауық, спорттық, отбасылық, естелік және өзге де бұқаралық іс-шараларды өткізуге тыйым салу;
- мемлекеттік органдар, кеңселер, ұлттық компаниялар мен өзге де ұйымдар қызметкерлерінің 80%-ін (вакцина салдырғандарды және соңғы 3 ай ішінде ауырып жазылғандарды қоспағанда) қашықтан жұмыс істеуге ауыстыру.
Сондай-ақ, облыс әкімдіктеріне Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент пен Қарағанды қаласымен шекаралас жатқан аудандарда карантинді күшейту ұсынылды. Олар:
- Ақмола облысы - Бурабай, Целиноград және Аршалы аудандары;
- Алматы облысы - Қарасай, Талғар, Іле мен Еңбекшіқазақ аудандары;
- Қарағанды облысы – Теміртау, Шахтинск мен Абай аудандары;
- Шымкент қалаларымен – Сайрам мен Төлеби аудандары.
Өңір әкімдіктеріне шектеулер енгізу және олардың сақталуын бақылау бойынша барлық шараларды қабылдау тапсырылып отыр.
Вице-премьер коронавирус инфекциясының таралуына қарсы күресте мониторинг топтары жұмысының маңыздылығын және барлық өңірлерде осы бағыттағы белсенділік төмен екенін атап өтті. Осыған байланысты барлық өңірде мониторинг топтары жұмысын жандандыру тапсырылды.