НҰР-СҰЛТАН, 27 шілде – Sputnik. Токио Олимпиадасына 69 салмақ дәрежесі бойынша жолдама алған Абылайхан Жүсіпов алғашқы жекпе-жекте ұтылды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Қазақстандық боксшы бірден екінші айналымнан бастады. Оған қарсы америкалық Деланте Джонсон шықты. Бірінші раундта бес төрешінің үшеуі Жүсіповқа жоғары ұпай қойды. Ал екінші раунда америкалық боксшы басым болды. Үшінші раунда бір төреші ғана Абылайханның дайындығын жоғары бағалады. Осылайша, жерлесіміз 1:4 есебімен ұтылып қалды.
Бұған дейін Серік Теміржанов (57 келі), Закир Сафиуллин (63 келі) мен Сәкен Бибосынов (52 келі) алғашқы жекпе-жектерін сәтті өткізген болатын. Бүгін Василий Левит (91 келі) те рингке шығады. Одан бөлек, Әбілхан Аманқұл (75 келі), Бекзат Нұрдәулетов (81 келі) пен Қамшыбек Қоңқабаев (91 келіден жоғары) бар. Ал әйелдер арасындағы бокста ел намысын жалғыз Надежда Рябец (75 келі) қана қорғайды.
Айта кетері, 2004 жылдан бері Қазақстан үшін бокста 69 келі салмақ дәрежесі сәтті болған. Боксшыларымыз төрт Олимпиадада қатарынан алтын медаль иеленген. Мәселен, Рио Олимпиадасында Данияр Елеусінов, оған дейін Серік Сәпиев Лондонда чемпион атанған болатын. Оның алдында Бақыт Сәрсекбаев пен Бақтияр Артаев та дәл осы салмақта топ жарды. Боксшылармыз екі рет Вэл Баркер кубогын да иеленді.