Қоғам

Қазақстанда LinkedIn әлеуметтік желісі бұғатталды

Шектеу әлеуметтік желіде жалған аккаунттардың көбеюімен және республика аумағында тыйым салынған интернет-казиноны жарнамалаумен байланысты
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 27 шілде – Sputnik. Қазақстанда іскерлік байланыстарды іздеу және орнатуға арналған LinkedIn әлеуметтік желісі бұғатталды.

Желі қолданушылары 26 шілде кешке сайтқа кіре алмай жатқанын айтып шағымдана бастады.

Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі LinkedIn желісіне қолжетімділік ресурс тарапынан болған заңбұзушылықтарға байланысты шектелгенін түсіндірді.

"Мониторинг барысында LinkedIn интернет-ресурсында бірқатар заңбұзушылық анықталды. Интернет-казино жарнамаланып, нақты адамдардың атынан фейк аккаунттар ашылған. Айта кетсек, мұндай материалдарды орналастыру Қазақстанның заңнамасына ғана емес, LinkedIn ресурсының ішкі ережелеріне де қайшы келеді", - деп мәлімдеді министрліктегілер.

Ведомство ақпаратынша, LinkedIn-нің пайдаланушы келісімінде қатысушылар жариялайтын ақпарат шынайы және заңды болуға, үшінші тарапқа тиесілі құқықтарды бұзбауға тиіс екені көрсетілген.

Бұған қоса, интернет-ресурстың жарнама орналастыру ережелерінде қолданушының жалған ақпарат ұсынуына немесе жаңылыстыруға, сондай-ақ құмар ойындар жарнамасына тыйым салынған.

Тағы оқыңыз: Интернет алаяқтардан қалай қорғану керек – пайдалы кеңес

"Осыған байланысты министрлік "Байланыс туралы" заңның 41-1-бабы 3-1-тармағына сәйкес LinkedIn интернет-ресурсының әкімшілігіне анықталған заңбұзушылықтарды жою және тиісті материалдарды өшіру бойынша шаралар қабылдау талабымен хабарлама жолдады. Алайда, өкінішке қарай, LinkedIn әкімшілігі тарапынан заңбұзушылықтарды жоюға қатысты шара қабылданған жоқ", -деп түсіндірді ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі.

Заңбұзушылықтар жойылған жағдайда Қазақстан аумағында LinkedIn желісі қайта ашылады.

Айта кетсек, 2018 жылдың қазанында ақпарат министрлігі азаматтарға LinkedIn әлеуметтік желісі арқылы ақпарат жіберумен байланысты алаяқтық фактілері жиілеп кеткенін ескертті.

Бүгінде LinkedIn желісіне 500 миллионнан астам қолданушы тіркелген, сайт 24 тілде жұмыс істейді. 2016 жылдың маусымында Microsoft компаниясы сайтты 26,2 миллиард долларға сатып алды. 2016 жылдың тамызынан бастап LinkedIn ресейлік қолданушылардың жеке деректерін сақтау ережелерін бұзғаны үшін Ресей аумағында бұғатталды.