Өңірлер

Ақмола облысының тұрғыны ұйқыдан оянған кезде ауылдасының өліп жатқанын көрген

Үй иесіне екі ауылдасы қонаққа келген. Ол қонақтарды оңаша қалдырып, өзі ұйықтауға кеткен. Оянған кезде ауылдасының бірінің денесін тауып, полицияға қоңырау шалған
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 27 шілде – Sputnik. Ақмола полицейлері ауылдасын пышақтап өлтірген ер адамды ұстады, деп хабарлайды Polisia.kz.  

Осы жылдың 24 шілдесінде Жарқайың ауданының ПБ кезекші бөліміне 58 жастағы жергілікті тұрғын телефон шалып, өзінің үйінде 45 жастағы досы пышақталғанын айтты. Жедел медициналық жәрдем келгенге дейін ер адам көз жұмды.

Алматы облысының тұрғыны үш ауылдасын пышақтап тастады
Оқиға орнына келген тәртіп сақшылары 24 шілде күні сағат 15:00 шамасында өтініш берушіге екі ауылдасы, оның ішінде қаза тапқан адам қонаққа келгенін анықтады. Кейін өтініш беруші қонақтарды қалдырып, өзі ұйықтауға кеткен. Оянған кезде үй иесі марқұмның денесін тауып, полицияға қоңырау шалған.

Сот-медициналық сараптаманың қорытындысына сәйкес, зардап шеккен адам жедел қан жоғалтып, ішкі ағзаларының зақымдануынан өлген.

Жедел іздестіру шаралары барысында полиция қызметкерлері күдікті адамды анықтады. Ол үйде бірге ішімдік ішкен үш адамның бірі – Қостанай облысы Арқалық қаласының тумасы болып шықты, 1969 жылы туған, бұрын Қылмыстық кодекстің 96-бабы 1-бөлігі бойынша сотталған.

Күдікті жанжал кезінде жәбірленушіге ас үй пышағымен бір соққы жасап, үйден кетіп қалған.

Қазіргі уақытта аталған факті бойынша Қылмыстық кодекстің 99-бабы 1-бөлігі (Адам өлтіру) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.