Қоғам

Түрмелердегі кей қызмет денсаулық сақтау министрлігіне беріледі

Бұл өзгеріс зерттеудің, диагностиканың және емдеудің қазіргі заманғы әдістеріне кеңінен қол жеткізуіне мүмкіндік береді
Sputnik

АЛМАТЫ, 26 шілде – Sputnik. Қылмыстық-атқару жүйесіндегі медициналық қамтамасыз ету денсаулық сақтау министрлігінің қарамағына беріледі. Ішкі істер министрлігі бұл өзгерістің тиімді тұсын атады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Енді ішкі істер министрлігінің тергеу изоляторлары мен қылмыстық-атқару жүйесі мекемелеріндегі адамдарды медициналық қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік саясатты үйлестіру жөніндегі функциялары мен өкілеті толығымен денсаулық сақтау министрлігіне беріледі.

Министрліктің мәлімдеуінше, бұл өзгеріс зерттеудің, диагностиканың және емдеудің қазіргі заманғы әдістеріне кеңінен қол жеткізуіне мүмкіндік береді. Сондай-ақ медицина қызметкерлері мекеменің әкімшілігіне тәуелді болмайды. Бұл заңсыз әрекеттерді жасыруға жол бермейді.

Ал қазір ҚАЖ мекемелеріндегі медициналық қамту азаматтық сектордағы медицинамен тең жағдайда тұрған жоқ. Қазіргі мәселе – медицина қызметкерлерінің жетіспеушілігі. Сонымен қатар ҚАЖ мекемесінде қызмет ететін медицина қызметкерінің жалақысы да денсаулық сақтаудың азаматтық секторындағы мамандардың табысынан әлдеқайда төмен.

Осының бәрін ескерген сот жүйелерін реформалау жөніндегі комиссия ІІМ ҚАЖ мекемелеріндегі медициналық қамтамасыз етуді денсаулық сақтау министрлігіне беру туралы ұсынысты қолдады. Бұл ҚАЖ мекемелеріндегі денсаулық сақтау саласының халықаралық стандарттарына сай келуіне мүмкіндік береді.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанның қылмыстық-атқару жүйесі мекемелеріне 33 мыңнан астам цифрлы бейнекамера орнату қажет екені, оған шамамен 4 миллиард теңге жұмсалатыны хабарланды.

Биыл қылмыстық-атқару жүйесінің 29 мекемесіне бейнекамера орнату үшін 3,7 миллиард теңге көлемінде қаражат бөлінген.