Қоғам

Коронавируспен ауырған адамдардың ақыл-ойы төмендейді

Ұлыбритания ғалымдары коронавирус инфекциясы ақыл-ой деңгейін төмендетіп жіберетінін дәлелдеді
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 26 шілде — Sputnik. Лондондағы Империя колледжі мен Кембридж университетінің ғалымдары коронавируспен ауырып тұрған адамдардың ақыл-ой деңгейі айтарлықтай төмендейтінін дәлелдеді. Бұл зерттеу The Lancet журналында жарияланды, деп жазды РИА Новости.

Экспериментке 81 337 адам қатысқан. Оның ішінде 12 689 адам түрлі деңгейде корнавируспен ауырып шыққан. Тест ішінде когнитивті мүмкіндіктердің аспектілерін өлшеуге мүмкіндік беретін тапсырмалар жинағы болған. Нәтижесінде тіпті жеңіл формада коронавируспен ауырып, қайта жазылып шыққандар да тапсырманы орындау кезінде қиналған. Ал бұл дертпен ауырмағандар тапсырманы оңай орындаған.

Соның ішінде аргументация мен жоспарлау қабілетін талап ететін тапсыраны орындау қиынға соққан. Бұл зерттеу зейін қою мен сөз сұрыптаудағы проблемалар сынды коронавирустың ұзаққа созылатын салдарын да дәлелдеп отыр.

Адам ерте қартаяды – коронавирустың тағы бір қауіпті әсері анықталды

Когнитивтік қызметтегі ақаудың ауқымы аурудың қаншалықты ауыр деңгейде өткеніне байланысты болған. Сондықтан ауруға шалдығу кезінде жасанды тыныс алдырту аппаратына қосылған науқастардың ақыл-ой деңгейі жеті тармаққа төмендегені байқалған. Мұндай күй тіпті инсульт алып, алдағы уақытта жаңа дүниені үйренуге қабілеті болмаған адамдардан да анықталмаған.

Жұмыс авторлары когнитивті мүмкіндіктердің төмендеуі мен ауру жұқтырғаннан бері өткен уақыт арасында өзара байланыс бар-жоғын да тексерді. Нәтижесінде зерттеу олардың арасында ешбір байланыс жоқ екенін көрсетті. Сондықтан COVID-19 орны толмайтын, қалпына келмейтін залал тигізгені расталып отыр.

Біраз бұрын Берлиндегі Charite университеті клиникасының биологтары SARS-CoV-2 вирусы иіс сезуге арналған шырышты қабықтағы жүйке талшықтары арқылы адам миына енетінін анықтады. Бұл бас ауруы, шаршаңқылық пен мидағы "тұман" сынды неврологиялық проблемаға әкеп соғады.