Әлем

ДДҰ туризмді толығымен тоқтатуға үндеді

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мен ECDC өкілдері дельта штамының басқа штамдарды ығыстырып жатқанын да ерекше атап өтті
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 26 шілде – Sputnik. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Еуропаның ауруларды бақылау және алдын алу орталығымен (ECDC) бірлесіп мәлімдеме таратты. Ұйым өкілдері биыл жазда туризмнен толығымен бас тартуға шақырды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан "Турпром" сайтына сілтеме жасап.

Бірлескен мәлімдемеге сәйкес, Еуропада SARS-COV-2 коронавирусының дельта штамы күшейіп кеткен.

"2021 жылы 28 маусым мен 11 шілде аралығында 28 елдің 19-ында дельта штамының үлесі басым болды. Осы штамның орташа үлесі 68,3 процентке жетті. Сөйтіп бұған дейінгі "альфа" штамының көрсеткішінен (22,3 процент) асып кетті", - делінген бірлескен мәлімдемеде.

ДДҰ мен ECDC өкілдері дельта штамының басқа штамдарды ығыстырып жатқанын да ерекше атап өтті. Бүгінде осы штамм Еуропаның барлық дерлік мемлекетінде анықталып отыр.

"Пандемияны тоқтату тұрғысынан жақын арада жағдайды толығымен бақылауға ала алмаймыз. Оған қоса, біздің аймағымызда "дельта" штамының таралуы айтарлықтай өскенін байқап отырмыз", - дейді ДДҰ-ның Еуропа бюросының аймақтық директоры Ханс Клюге.

Осы орайда Клюге дельта штамының тез жұғатынын да еске салды. Вакцина алмағандар бірден ауруға шалдығады. Сондықтан биыл жазда саяхат пен сапарларды барынша азайту керек. Сонда ғана дельта штамының тізбегі үзіледі.

"Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы тегін тестілеуді барынша қолжетімді етуге, байланыста болған адамдарға қатысты карантин шараларын қолдану мен ауруға шалдыққандарды оқшаулау шараларын кеңейтуге кеңес береді. Сонда ғана инфекцияның таралу тізбегі үзіледі. Сондай-ақ, халық арасында вирусты жұқтыру қаупі жоғары адамдарды вакциналау қажет", - деп атап өтті Клюге.

ECDC директоры Андреа Аммон да туристерді үйде отыруға үндеді.