НҰР-СҰЛТАН, 26 шілде – Sputnik. Атырау облысында Теңіз кен орнының жұмысшылары ереуілге шықты, деп хабарлады АқЖайық порталы.
25 шілде күні ESS компаниясының жұмысшылары бойкот жариялап, жалақыны көтеруді талап етті. Әлеуметтік желіде Теңіз кен орнында түсірілген видео тарады. Онда жүздеген адамның митингіге жиналып жатқанын көруге болады.
Айта кеткен жөн, ESS – "Теңізшевройл" компаниясының мердігер мекемесі. ТШО осы жағдайға қатысты түсініктеме берді.
"Теңізшевройлға" ESS/Compass-Kazakhstan мердігер компаниясының қызметкерлері еңбек қатынасына алаңдаушылық білдіргені белгілі болды. ТШО-ға мердігер компания басшылығының туындаған мәселені шешу үшін шұғыл шаралар қабылдап жатқаны хабарланды. Бұл ESS/Compass-Kazakhstan компаниясының ішкі мәселесі болғандықтан, бұған қатысты барлық сауалды осы мекеменің басшылығына жолдаған жөн", - дейді компания мамандары.
Ал порталдың ресми сауалына жауап берген "ESS Support Services" ЖШС бас директоры Майк Тайлор 213 қызметкер жалақыны көтеруді талап еткенін жеткізді.
"Біз қызметкерлерімізді және олардың істеген жұмысын бағалаймыз. Сондықтан ашық диалог жүргіземіз және осы мәселені шешу үшін қолданыстағы еңбек заңнамасы аясында жұмыс істейміз. Осы уақытта біз ESS ұжымдық шартының талаптарына сәйкес, жылдық инфляцияны ескере отырып, жалақыны жүйелі түрде қайта қарау бағдарламасын жүргізіп жатқанымызды хабарлаймыз", - деп атап өтті Тайлор.
Оның айтуынша, 2021 жылдың қаңтар айында сағаттық төлем 6%-ке көтерілген болатын.
"Сонымен қатар ESS басшылығы негізгі мүдделі тараптармен, жергілікті билікпен, кәсіподақтармен бірге серіктестік аясында жұмыс істейді. Біз сонымен бірге қызметкерлермен кез келген мәселені талқылауға әрқашан дайынбыз", - дейді ол.
Маңғыстауда басталған ереуілдер Атырауға жетті
Бұған дейін Маңғыстау облысында бірнеше мұнай-газ компаниясының жұмысшылары жалақыны көбейтуді және еңбек жағдайын жақсартуды талап еткен болатын. Атап айтқанда, "ӨзенМұнайГаз" АҚ компаниясының өндірістік нысандарын күзететін "KMG-Security" ЖШС қызметкерлері айлық жалақыны 150 мың теңгеге дейін көтеруді және мереке қарсаңында сыйақы төлеуді талап етті. Іле-шала Қаражанбас мұнай кен орнын қорғаумен айналысатын KMG-Security компаниясының басқа бір филиалының жұмысшылары да өз талаптарын қойды. Одан кейін оларға "МұнайСпецСнаб Компани" ЖШС қызметкерлері қосылды.
Жаңаөзен қаласындағы "Oilfield equipment and service" (OES) ЖШС мен "Ақтау мұнай сервистік компаниясы" ЖШС қызметкерлері де президентке бейнеүдеу жолдап, жалақыны 100 процентке көтеруді талап етті.