Қоғам

"Клиенттерінің күйеуінен бала туады": Ақтөбеде ер адам өз ұлының анасына жала жапты

Сот әлеуметтік желіде жанайғайын жеткізген Ақтөбе тұрғынына ірі мөлшерде айыппұл салды
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 25 шілде – Sputnik. Ақтөбеде сот өз ұлының анасын басқа отбасыларды ойрандайды деп айыптаған ер адамға жарты миллион теңге айыппұл салды.

Іс әкімшілік құқықбұзушылықтар жөніндегі ауданаралық сотында қаралды. Сот алдына Ақтөбе облысы экономикалық тергеу департаментінің 40 жастағы жедел уәкілі келді.

Сотта анықталғандай, 12 маусым таңертең Ақтөбе тұрғыны жергілікті Instagram-пабликтердің бірінде жаңа клиниканың ашылуы туралы жазбаны көрген. Бұл мекемеде әйел пациенттерді Т.есімді акушер-гинеколог қабылдайды.

Осыған жауап ретінде ер адам ашулы пост жазған: "Ақтөбенің қымбатты әйелдері! Бұл зұлым әйелге бармаңыз. Ол өз пациенттерінің күйеуінен бала туып, отбасын ойрандайды. Оған ұлы Әмір дәлел".

Істі қарау барысында ер адам бұл дәрігер бір кездері одан жүкті болып қалғанын, ақыр соңында ол әйелімен ажырасуға мәжбүр болғанын түсіндірді.

Тағы оқыңыз: Көңілдесінен қызғанған: Ақтау тұрғыны ауыр қылмыс жасады

Ол гинеколог жайлы жазғаны шындық екенін айтып, құқықбұзушылық құрамы жоқ болуына байланысты әкімшілік өндірісті тоқтатуды сұрады.

Жәбірленуші дәрігер әлгі ер адамнан шынымен аяғы ауыр болғанын, қазір оның ұлын тәрбиелеп отырғанын растады. Алайда оның өз клиенттерінің күйеуінен бала табатыны өтірік, бұл оның абыройы мен ар-намысына, беделіне нұқсан келтіреді. Дәрігер татуласудан бас тартып, өзіне жала жапқан адамды жазалауды талап етті, делінген сот қаулысында.

Сот ер адамды 73-3-баптың екінші тармағы "Көпшілік алдында жала жабу" бойынша кінәлі деп тапты. Енді ер адам 520 мың теңге айыппұл төлеуге тиіс. Десе де ол шағым түсіре алады.