Оқиға

Алматыда бірнеше ғимарат отқа оранды – видео

Бірнеше нысанда болған өртті сөндіру үшін жарты сағатқа жуық уақыт жұмсалды. Оқиға орнында жедел штаб жасақталды
Sputnik

АЛМАТЫ, 25 шілде — Sputnik. Алматыда "Горный гигант" шағын ауданының жеке секторында дәмхана мен көлік жуу орталығынан өрт шықты. Төтенше жағдайлар департаментінің мамандары себебін анықтап жатыр.

Олардың ақпаратына сәйкес, түскі екі кезінде Ескендіров көшесіндегі бір қабатты ғимаратта өрт басталған. Тілсіз жау жақын тұрған үш қабатты ғимаратқа көшті.

"Жақын маңдағы тұрғын үйлерге қауіп төнді. Өрт сөндіру гидранттарына автоцистерналар орнатылды. Оқиға орнында жедел штаб жасақталды. Электрмен қамту қызметі нысанды электр энергиясынан ажыратты", - деп хабарлады қалалық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі.

Аптап ыстық жағдайды ушықтыра түсті. Бүгін Алматы ауа температурасы 37 градусқа дейін көтерілді.

Алматыда бірнеше ғимарат отқа оранды – видео

Бұған қарамастан, өрт сөндірушілер тілсіз жауды 25 минут ішінде сөндірді.

Қазіргі уақытта оқиға орнында жедел қызметтер жұмыс істеп жатыр. Олар өрттің себебін анықтайтын болады. Негізгі себеп ретінде қысқа тұйықталу болуы мүмкін екені қарастырылып отыр.