Бұл тақырып кейінгі кездері Қазақстанда да жиі талқыланып жүр. Соған байланысты Sputnik Қазақстан денсаулық сақтау министрлігінен ресми жауап беруін сұрады.
Вакциналау және жүктілік тақырыбы бойынша денсаулық сақтау министрлігі акушерлік, гинекология және перинатология ғылыми орталығының басқарма төрағасы Динара Мырзахметова және қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы басқарма басшысының орынбасары Айнагүл Қуатбаева жүкті әйелдерге коронавирус инфекциясына қарсы вакцина салуға қатысты сауалдарға жауап берді.
Динара Мырзахметованың айтуынша, қазірге дейін вакцинаның жүкті әйелдерге қалай әсер ететіні туралы зерттеу жүргізілмеген. Сол себепті жүктілік кезінде вакцина салу қарсы көрсеткіш болып саналады.
"Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы вакцина шығарылатын өндірістерде жүргізілетін клиникалық өзгерістердің нәтижесі бойынша белгілі бір тұжырымдар жасайды. Соңғы 10 күнде Америкада 90 мыңға жуық жүкті әйел коронавирусқа қарсы екпемен қамтылғаны туралы ақпарат түсіп жатыр. (...) Біздің елге келіп түскен 4 түрлі вакцинаның сипаты, шығару, өндіру технологиясына жүгінетін болсақ, бұл вакциналардың құрамында жүктілік кезінде кері әсер ететін ингредиенттер жоқ", - дейді Айнагүл Қуатбаева.
Маманның сөзінше, Қазақстанда кейінгі жылдары жүктілік кезінде тұмауға қарсы вакцина салынады. Қазірге дейін олардың арасында вакцинадан кейін ауыр жағдайға тап болғандар тіркелмеген.
Сонымен қатар елімізде вакцинаның бірінші компонентін салдырған соң өзінің жүкті екенін білгендер бар. Мұндай жағдайда жүктілікті тоқтатудың қажеті жоқ.
"Мамандардың кеңесіне жүгіну қажет. Статистикалық мәлімет бойынша мұндай жағдай өте аз кездеседі. Алайда нақты саны жоқ, оларды жаппай статистикаға алып жатқан жоқпыз. Әр өңірден келіп түсетін бірен-саран жағдайлар", - дейді Айнагүл Қуатбаева.
Толығырақ Sputnik Қазақстан видеосынан көріңіз.