Экономика

Қазақстан халықаралық көрмеде алғашқы отандық дронды таныстырды

Бұған дейін Қазақстанның авиация индустриясы өкілдері авиасалонға көрермен ретінде қатысып келді. Осы жылы тұңғыш рет олар өз стендін таныстырды
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 24 шілде – Sputnik,Мария Науменко. Осы жылы Қазақстан халықаралық авиация-ғарыш салоны шарасында серіктес мемлекет болды. Мәскеу маңындағы Жуков қаласында республика атынан авиация және ғарыш өнеркәсібінің үлкен павильоны таныстырылды.

Sputnik тілшісі павильонда болып, қазақстандық компаниялар Ресейдегі көрмеде қандай техниканы таныстырғанын және Ресей Федерациясымен бірлесіп қандай жобаны жүзеге асырып жатқанын біліп қайтты.

Ғарыш саласындағы ынтымақтастық

Ресей авиақұрылыс пен ғарыш саласында Қазақстанмен өзара әрекеттестікті дамытады. Бұл туралы ХАҒС-2021 Халықаралық авиация-ғарыш салоны ашылуы кезінде РФ президенті Владимир Путин мәлімдеді.

"Біз авиақұрылыс сынды жоғары технологиялық салада қазақстандық әріптестерімізбен және Еуразиялық экономикалық одақ бойынша серіктестерімізбен өзара әрекеттестікті дамытуды көздеп отырмыз. Біздің кәсіпорындар бірқатар перспективалы жобаны жүзеге асырып жатыр. Мысалы, Қазақстанда МИ тобындағы тікұшақтар құрастырылып жатыр, "Роскосмос" желісі бойынша бірлескен "Бәйтерек" жобасы ілгерілетілуде. Экологиялық таза зымыран тасымалдағыш көмегімен "Байқоңыр" ғарыш айлағынан ғарыш аппараттарын ұшыруға арналған ұйымдастырушылық-техникалық құрылымды дайындау аталған жобаның мақсаты болады", - деді Ресей президенті.

Қазақстан халықаралық көрмеде алғашқы отандық дронды таныстырды

Авиасалон аясында Қазақстанның цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің аэроғарыш комитеті Нұр-Сұлтанда құрастырылған Ғарыш аппаратын құрастыру-сынау кешені (ҒАҚСК) мен "Союз-5" зымыран тасымалдағыш макетін ұсынды.

Ғарыш аппаратын құрастыру-сынау кешені алты тоннаға дейінгі ғарыш аппараттары мен олардың компоненттерін жобалау, дайындау, құрастыру және сынауға арналған технологиялық және өндірістік база болып саналады.

Қазақстандық "Байкал"

"Байкал" жеңіл көп мақсатты ұшағын дайындау жобасындағы Қазақстан-Ресей кооперациясы ХАҒС-2021 көрмесіндегі басты оқиғаның біріне айналды. Болашақта "Байкал" ескірген Ан-2 ұшағын алмастыруы керек.

Қазақстандық тарап аталған жобаға 1 миллиард рубль көлемінде инвестиция салды. Есесіне Қазақстан жобадағы миноритарлы үлеске (акциялардың бақылаушы емес пакеті) және сол ұшақтардың өндірісіне арналған лицензияға ие болады.

"Қазір ғылыми-зерттеу тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар жүріп жатыр. Сондай-ақ осы жобаны қаржыландыруға қатысып отырмыз. Алайда "Орал азаматтық авиация зауыты" АҚ-мен арадағы келісімшарт бойынша ұшақтың лицензиялық өндірісін Қазақстанда ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз", - деді "Қазақстанның авиация индустриясы" ЖШС маркетинг бөлімінің басшысы Игорь Сыздықов.

Қазақстанның авиация индустриясындағы ұшақтардың толыққанды өндірісі 2024 жылы басталуы керек. Мамандар кәсіпорын қуаты жылына 50-30 ұшақ дайындауға мүмкіндік береді деп санайды. Сондай-ақ Қазақстан басқа мемлекеттер үшін "Байкалдың" экспорттық нұсқасын да шығара алады.

Игорь Сыздықов Қазақстан ресейлік тараптың ұсынысымен ХАҒС-2021 серіктесі атанғанын атап өтті. Бұған дейінгі жылдары Қазақстанның авиация индустриясы өкілдері авиасалонға көрермен ретінде қатысып келді. Осы жылы тұңғыш рет олар өз стендін таныстырды.

Қазақстан халықаралық көрмеде алғашқы отандық дронды таныстырды

Сонымен қатар Қазақстандағы кәсіпорында Су-30СМ ұшақтарын жөндеу бойынша компанияның ресейлік "Иркут" авиақұрылыс корпорациясымен бірлескен жобасы бар.

"Біз ұшақтардың алғашқы жөндеуін 2025 жылы бастауды жоспарлап отырмыз. Қазір өндіріске дайындалып жатырмыз. Авиасалон аясында ресейлік серіктестермен кейбір мәселелерді нақтылауды жоспарлап отырмыз. Бізде Су-30СМ ұшақтарына техникалық қызмет көрсету және күрделі жөндеу жүргізу, мамандарды даярлау бойынша келісімшарт бар", - деді Sputnik агенттігіне сұхбат берген қазақстандық тарап өкілі.

Тікұшақ және пилотсыз ұшу аппараты

"Еурокоптер Қазақстан Инжиниринг" ЖШС Халықаралық авиация-ғарыш салонында ЕС-145 жаңа тікұшағының макетін таныстырды. Кәсіпорын сондай-ақ Н-145 қос қозғалтқышты тікұшағы, Н-130 бен Н-125 бір қозғалтқышты тікұшақтарының ірі торапты құрастыруы, оларға техникалық қызмет көрсету және жөндеуді жүзеге асырып, ұшу-техникалық құрамды даярлайды.

"Жақында біз Мәскеу авиация орталығы үшін ЕС-145 тікұшағын қалпына келтіруді қамтитын жөндеу бойынша Ресеймен ірі жобаны аяқтадық. Тікұшақ төтенше жағдайлар министрлігінің қажеттілігі үшін қолданылады", - деді "Еурокоптер Қазақстан Инжиниринг" ЖШС коммерциялық директоры Александр Савельев.

Сонымен қатар Қазақстан салон барысында өзінің алғашқы пилотсыз ұшатын әуе нысанының имитаторын таныстырды. Дрон құрлықтағы әскердегі әуедегі шабуылға қарсы қорғанысқа зенитші атқыштарды үйретуге арналған.

Тамыз-қыркүйекте аталған пилотсыз ұшатын аппарат соңғы әскери сынақтан өтіп, 2022 жылы Қазақстан Республикасындағы құрлықтағы әскер қарулануына қабылдануы керек.

Қазақстан халықаралық көрмеде алғашқы отандық дронды таныстырды

"Біздің пилотсыз ұшатын техника шетелдік аналогтардан әлдеқайда арзан және Қазақстанның қатал ауа райына, яғни жойқын желге, аязды қысына және аптап ыстық жазына төзімді", - деді Sputnik тілшісіне "Қазақстан инжиниринг - 811 автожөндеу зауыты" АҚ бас директоры Рамиль Баязитов.

Бұған дейін Қазақстанның қорғаныс министрлігі дрондарды тек шетелден, атап айтсақ, Ресей, Беларусь және Израильден сатып алатын. Енді республика жылына 10 данаға дейін пилотсыз ұшу аппаратын шығара алады.

Жуков қаласындағы Халықаралық авиация-ғарыш салоны авиа-ғарыш саласындағы жетістіктер мен техникаларды таныстыруға арналған әлемдегі ең ірі көрменің бірі. ХАҒС-2021 көрмесіне 140 мыңнан астам маман, сондай-ақ 570 мыңнан астам көрермен мен қонақ қатысты. Салон жұмысы 25 шілдеде аяқталады.

Sputnik агенттігі – авиасалонның ресми ақпараттық серіктесі.

Халықаралық авиация-ғарыш салонында қазақстандық павильонда авиация техникасы мен жабдығын дайындауға мамандандырылған мына жетекші кәсіпорындар өнімі таныстырылды: "Қазақстанның авиация индустриясы" ЖШС, "Еурокоптер Қазақстан инжиниринг" ЖШС, "Қазақстан Аселсан инжиниринг" ЖШС, "Қазақстан Ғарыш Сапары" ҰК" АҚ, "Байтерек" БК" АҚ, "Тыныс" АҚ, "№405 авиажөндеу жұмысы" АҚ, "811 автожөндеу зауыты", "Қазаэронавигация" РМК және басқалар.