Қоғам

Нұр-Сұлтанда бір топ әйел шенеуніктерге тап берді – оқиға немен аяқталды

Әйелдер денсаулық сақтау министрлігінің қызметкерлеріне былапыт сөздер айтып, жұдырық ала жүгірді
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 24 шілде – Sputnik. Министрліктер үйіндегі бұзақылығы үшін алты әйел 70 мың теңгеден астам айыппұл төлейді. Бұл туралы Нұр-Сұлтан полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.

Полицияның ақпаратынша, 19 шілдеде ашулы әйелдер министрліктер үйінің ғимаратына баса-көктеп кірмек болды.  

Олар тәртіп сақшыларына тіл тигізіп, қол-аяғымен ұрып, денсаулық сақтау министрлігінің қызметкерлері мен күзетшілерге су шашқан.

"Министрліктің жауапты қызметкерлері диалог құрып, проблемаларын түсініп, оның шешімін табуға тырысқанда, әйелдер оларға балағат сөздер айтып, жұдырық ала жүгірген, беттерінен ұрып, киімін тартып жұлқылаған", - деп мәлімдеді департаменттегілер.

Тағы оқыңыз: Антиваксерлер шенеуніктерге тап берді: Цой әйелдермен кездесуге неге шықпады

Бұзақылық әрекеттері үшін алты әйел әкімшілік жауапқа тартылды: олардың әрбіріне 25 АЕК (72 925 теңге) айыппұл салынды. Полиция наразы әйелдер министрлікке қандай талаппен келгенін нақтылаған жоқ.

Бұған дейін әлеуметтік желіде бір топ ата-ананың денсаулық сақтау министрлігінің ғимаратына кірмек болғаны түсіп қалған видео жарияланды. Әйелдер мен ведомство күзетшілері арасында жанжал шықты.